Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың коворкинг орталығында TEDx форматында Президент Жолдауын талқылауға арналған жиын ұйымдастырылды.
Басқосуға Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты, доцент Ақылбек Сұлтанов, техника ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбек Монтаев, Орал қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев, Париж қаласында өткен олимпиада қатысушысы, каноэ және байдарка есуден әлем чемпионатының қола жүлдегері Мария Бровкова қатысты.
Қонақтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған, ел экономикасын жақсартуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге, жастардың тұлғалық белсенділігін қалыптастыруға, қолданбалы ғылымның әлеуетін арттыруға, білікті кадрлар даярлауға негізделген өзекті мәселелері бойынша сөз қозғады.
Сондай-ақ АЭС салуды қолдау жөніндегі пікірлерін айтып, еліміздегі атом энергетикасының даму перспективаларын жан-жақты түсіндірді.
– Биылғы Жолдауда көптеген маңызды бағыт қамтылды. Мемлекет басшысы кадр мәселесіне, әсіресе, мұнай-газ, энергетика, машина жасау салалары бойынша кадрлар даярлау жұмысына баса көңіл бөлді. Сондай-ақ АЭС құрылысын салу бойынша референдум күнін белгіледі. Бұл – еліміздің болашағы үшін маңызды қадам болмақ, – деді ғалым-ұстаз Сәрсенбек Әлиакбарұлы.
Сонымен қатар Жәңгір хан университеті аграрлық мамандар даярлайтын жоғары оқу орны болғандықтан, оқытушы-ғалымдар аталған құжаттағы агроөнеркәсіп кешеніне қатысты айтылған мәселелерге назар аударды.
Университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері Жолдауда айтылған басымдықтарды жастар арасында түсіндіріп, насихаттауға бар күш-жігерлерін салатынын жеткізді. Басқосу соңында қонақтар студенттерді 6 қазан күні өтетін референдумға қатысуға шақырды.
Құндыз Қадырбаева
zhaikpress.kz