Жуырда Башқұртстан Республикасының (РФ) Баймақ ауданында «Башқұрт аты» атты халықаралық фестиваль өтті.
Осы фестиваль аясында ұйымдастырылған ат жарыста Батыс Қазақстан облыстық ұлттық спорт мектебіне қатысты «Бәйге» бөлімінің шабандоздары қатысты. Содан Орал қаласынан барған жас шабандоз Айсұлтан Миразат (суретте) тақымдаған тұлпар 1600 метрлік бәйгеде топ жарып, бірінші келді. Бұл қашықтықтағы ат жарысына 20 арғымақ қатысқан. Сондай-ақ өңірден барған Боранбай Әбдірахман есімді жасөспірім тізгіндеген сәйгүлік башқұрт тұқымды аттардың 6 000 метрлік бәйгесінде төртінші келген. Қос шабандоздың жаттықтырушылары – Ақылбек Ишанов, Әйгерім Ғұмарова.
– Айсұлтан үш жасқа толғанда әкесі оған қолдан ашамай жасап берді. Ал төрт жасқа келгенде қаладағы жер үйге жетім құлынды сатып әкеліп, жылқыға көзін үйрете бастады. Сегіз жасынан бастап ат жарыстарға қатыстырдық. Бәйгеден бөлек, аударыспақ, көкпармен айналысады. Аударыспақтан өз салмағы бойынша бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Елімізге белгілі атбегілердің алдын көрді, батасын алды. Айсұлтанға еріп, көрші балалар да атқа мінуді үйренді. Ұлымыз Орал қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы №30 мектептің алтыншы сыныбына барады, – деді Айсұлтанның анасы Ақмоншақ Жұмаева.
Гүлсезім Бияшева