«Науқас бет терісінің деформациясына шағымданып келді. Оң жақ қабағынан төмен көз айналасына дейін үлкен тыртығы болды. Қолмен ұстап қарағанда ол жерде бөтен қатты нәрсенің бар екені білінді. Сосын жергілікті жансыздандыру арқылы 30 минут көлемінде ота жасадық. Тері қабатын тілгенде шөлмек сынығы тұрды, алып тастадық»,- деді жақ-бет хирургы Эдуард Меликян.
Науқас 1997 жылы көлік апатына түскен. Әйнектің сынығы сол кезде кірген болуы мүмкін. Өйткені әйел адамның оқиғадан кейін көзі жасаурайтын болған.
Үнемі ауырып, діріл пайда болған. 25 жыл ішінде қаншама рет дәрігерлерге барып қаралған. Бірақ ешкім денедегі артық нәрсені анықтай алмапты.
«Шыны болғандықтан тері астында ешқандай өзгеріске түспепті. Егер темір болатын болса, тотығып, осы күнге дейін анықталған болар еді. Науқас қатты қуанды» - дейді дәрігер.
Науқастың алғашқы шағымына байланысты да дәрігерлік қызмет көрсетіліп, бет терісіне пластикалық жолмен түзету енгізілген.