Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Мемлекеттің сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу өтті. Ақын студенттерге тарихи мұра мен рухани құндылықты қастерлеу, ата-ананы сыйлау, санаға тәрбие нәрін сіңіру, ұлтқа қызмет ету парыз екенін айтты.
Кездесуде Ақұштап Бақтыгереева жапон қыздарының тәрбиесіне қызығатынын айтты. Қазақ қыздары дәл солардай болса екен деп армандайтынын тілге тиек етті. Осы халық табиғатынан ежелден бергі жапон мәдениетінің сәулесін таныған. Қыздары әлі күнге ұяң қалыбын сақтайды екен. Ешкімге дауыс көтеріп, дабырлап сөйлемейді. Екі қолын қусырып, үлкенге де, кішіге де, досына да ізет көрсетеді. Жапон технологиясының бәрінен биік тұрғаны – осы халықтың тәрбие мен мәдениетке айрықша көңіл бөлгенінен деп есептейді ақын.
– Ұлы мәдениеті бар ұлт ұлы табысқа ие болады. Адамға сый-құрметпен қарау біздің ұлтымыздың ділінде де бар. Көршіні сыйлау, қарғысқа ұшыраудан қорқу, адамның ала жібін аттамау, біреуге қиянат жасасаң, алдынан шығатынын ескерту – бәрі де тәрбие қайнарынан. Біздің ұлтты «оқымаған, далада жүрген көшпендісіңдер» деп көзге шұқыды. Олай емес, көшпенді салттың тарихы ғажап еді. Ала жіппен тұсауыңды кесіп, «ала жіптен аттама» деп өсірген, «ер бол, өр бол» деп ұлдың жігерін жаныған, бесік тербеп, «ақ сүтімді ақта» деп мойынға парыз жүктеген ұлы даланың ұрпағысыңдар. Қазір өзге әлемге, бірнеше ұлт бәсекеде болатын дәуірге бара жатқан жас буынсыңдар. Солардың арасында жұтылып кетпеулерің керек. Жоғалмаңдар. Себебі әр ұлт өзінің келбетін сақтағаны абзал. Қазақ қызының қасиетін жібек мінезінен, мейірбан қылығынан, жүріс-тұрысынан, әрбір әрекетінен анық байқауға болады. Досын сыйлаған адамды қазақ азаматқа теңейді. Сыйластық арқылы ғана ертең үлкен үйдің анасы, ардақты әжесі боласыңдар. Бүгінгі күнмен өмір сүрмеңдер. Қазақтың әдемі жігітіне жар болатындарыңды ойлаңдар. Ертең бір қазақтың батырының не болашақ сұлуының бесігін тербетесіңдер. Шаңырақты шайқалтпай ұстауың керек. Ұлы даланың намысын арқалауың қажет. Жасыңнан ел сенімін ақтауға ұмтыл! Ұлттың тәрбиешісі сендер боласыңдар, қыздар! – деп әр сөзіне екпін түсіріп, елеулісін екшеп айтты Ақұштап Бақтыгереева.
Ақ Жайықтың ардақты қаламгері «қазақтың бас ақыны» Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы елде кеңінен атап өтіліп жатқанын, ғұламаның ғибрат сөзін жадыға тұтуды жастарға тапсырды. Абайдың ұлылығына көз жеткізіп, әр сөзін кәдеге жарата білу – ұлтқа міндет деп түсіндірді.
Ана алдында қарабет болу қасірет екенін ескертті. Сахнада «Ана жүрегі» атты өлеңін оқып берді.
– Туған жерді қадірлеуден басталады ұлы Отанды сүю. Анаңды сүюден басталады адамзатты сүю. Жарыңды сүюден басталады басқаларды сыйлау. Міне, адамзатқа ең керегі – осы үш махаббат алауы. Еліне жүрегі елжіреген, анасын ардақтаған, асыл жарын аялаған адам күнделікті өмірінде бақыт табады. Махаббат деген пәк сезімді кірлетпеңдер, адал махаббаттың иесі болыңдар. Бір-біріңді аялаңдар, – деген ақын студенттер сауалына жауап берді.
Нұртай Алтайұлы,
суретке түсірген Эльвира Меңдіғали
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер