17.04.2023, 17:45
Оқылды: 20

Aқын Абдул Рахметовтың шығармашылық кеші өттi

Жуырда жастар мәдениет сарайында ақын Абдул Рахметовтың «Көңіл көктемі» атты шығармашылық кеші өтті.

E0825622-41EB-4CB7-A057-16D8FA75EAAE

Жыр кешін Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияұжымы ұйымдастырды. Адамға ой саларлық һәм мазмұнға бай композициялық қойылыммен басталған тағылымды шара көрермен назарын бірден аударды. Көңілдің нәзік қылын шертер сезімге толы поэзия, ақынның мұңы мен шері, өкініші мен қуанышын сипаттайтын жүрекжарды жырлары жиналған жұртшылықтың көңілін одан әрі тербей түсті. Алдымен сахна төріне Ақ Жайық өңірінің айбоз ақыны Айтқали Нәріков пен жазушы-журналист Мұнайдар Балмолда көтеріліп, Абдулдың алғашқы туындысы «Ар» кітабының тұсауын кесті.

– Тәуелсіздіктің арқасында біраз жас қаламгерлер өсіп-жетілді.   Мемлекет қолдауымен олардың тырнақалды туындылары жарық көріп, ҚР Жазушылар одағына мүше атануда. Бұрынғы кейбір «қиындықтар» жеңілдеген секілді. Бірақ, бір нәрсе анық. Өлең жазу жеңілдеген жоқ. Өлең – бекзат өнер, ал парасатты поэзия жазу өте қиын. Қазіргі оқырманның талғамы да биік. Дегенмен тың ойлары бар жалынды жас толқын өсіп келеді. Әрине, біз бұған әр кез қуанамыз. Мен Абдулдың өлең жазатынын таяуда білдім. Жақында бір керемет әсем киінген, қаршыға мүсінді, сайдың тасындай қырланған жас ақынмен филармонияда танысып, кітап шығарғалы жатқанын естіп-білдім. Содан бір топ өлеңдерін оқып, риза болып, батамды беріп, алғысөз жазып бердім. Ендеше, поэзияның табалдырығын имене басып, аттағалы тұрған Абдул балама шалқар шабыт, толайым табыс тілеймін, - деді ақын А. Нәріков. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов құттықтау сөз сөйледі.

– Өңірімізде мәдениет саласының дамуына айрықша үлес қосып, ерекше қолтаңбасын қалдырып келе жатқан Абдул Ғабитұлын алғашқы жыр жинағының жарық көруімен құттықтаймын. Алашқа Абдулдай ұл сыйлаған ортамызда отырған Ғабит әкемізге шын жүректен алғысбілдіремін. Жерұйығы Жаңақала елі – дүлділ күйші-композиторлардың, бұлбұл әншілер мен ақиық ақындардың мекені. Жаңақала жерінен шыққан ақындар Закария Сисенғали, Өмірзақ Ақбасов, Мұнайдар Балмолданың өлеңдеріне жазылған әуендер Ақ Жайықтың ғана емес, барша қазақтың сүйікті әндеріне айналды. Солардың ізін басып келе жатқан Абдул Ғабитұлының кеші 37 жас – мүшел жастан шығар сәтте өтуі де символдық мәнге ие. Айтқали ағамыз айтқандай, ақындар шаңырағының табалдырығында тұрған Абдол құрдасым елеулі еңбегімен, бойдағы шабытымен өз уақытында  аға-апаларының жанынан төрден көрінуіне тілекшімін, - дей келе  Бақытжан Хаберұлы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан кеш иесіне алғысхат табыстап, «Еңбек даңқы» медалімен марапаттады. Айта кетсек,  Абдул Рахметов – Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылының тумасы. Көпжасардағы Дина әже мектебінен тәлім алды. Оның кешіне ұлағатты ұстаздары мен жерлестері де қаумалап келіп, шашбауын көтеріп, мерейін асырды. Жиында Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева ақынның туған жерінің ақ сәлемін жеткізіп, аудан басшысының алғысхатын табыс етіп, күй елінің атынан сәйгүлік атады. Құттықтаулар легі Бөрлі ауданынан келген аудандық мәдениет үйі директоры Аңсар Дүйсеновтың тілегімен жалғасты. Ол ақынға Бөрлі ауданы әкімінің алғысхаты мен ықылас гүлін ұсынды.

3FC9614E-9CEF-4EB6-868F-9EF0AC444581

Кеште ақынның сөзіне жазылған әндерді елімізге танымал әншілер шырқады. Атап айтсақ, «Қазақстан дауысы» жобасының финалисті Таңат Жексенбаев «Анаға сағыныш» әнін орындады. Бұған қоса ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Донеділ Қажымов пен Жаңылсын Хасанова,  әнші-сазгер Жаскелең Ғайсағалиев, Еркін Өтегенов, Мұхтар Рамазан, Қуаныш Қисметов, Раушан Қуанышқалиев, Айбар Хайырханов, Мұқағали Есмырза, Күләш Қуанышқалиева, Наргиза Сүлейменова, Ербол Ақбасов, Рүстем Кереев, тағы басқалары ақын сөзіне жазылған әуезді әндерді орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Абдул ақынның кешіне Қызылорда облысынан қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, талай хит әндердің авторлары Әл-Фараби Бекарысұлы мен Үкітай Ерниязов арнайы келіп, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, әннен шашу шашты. Әсіресе, Әл-Фараби шырқаған «Оралға оралу» әні мен Үкітайдың «Найзағай болып» әніжүрек қылын тербеп, күйбең тірліктен қажыған көңілді бүрлендірді. Талант десе, талант қой шіркіндер!

Нақ осы кеште А. Рахметовтің сөзіне жазылған, әнші-сазгер Ербол Ақбасовтың «Ұмытшы мені» әнінің тұсауы кесіліп, әнді Мәулет Жұбатов орындады. Сондай-ақ тағылымды кешке «Назерке», «Салтанат», «ККК» би ансамбльдері қатысып, жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Кеш соңында Абдул Ғабитұлы түрлі тақырыпты қамтыған нәзік те сыршыл өлеңдерін тебірене оқыды. Одан әрі өзін сыйлап-елеп келген ел-жұртқа һәм зал толы көрерменге алғаусыз алғысын айтып, ғазиз басын иіп, ризашылығын жеткізді.

Алтынбек Ермекқалиев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале