31.08.2026, 10:30
Оқылды: 7

Әлеуметтік желіде не жазуға болмайды? ІІМ жауапкершілікке әкелетін әрекеттерді атады 

Әлеуметтік желідегі балағат сөздер мен қорлау үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

 Полиция ЖП

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардағы құқық бұзушылықтарға құқықтық баға беру тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ІІМ-нің редакциямыздың ресми сауалына берген жауабына сәйкес, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабына сәйкес, ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиісу және айналасындағыларға сыйламаушылықты білдіретін, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын өзге де әрекеттер әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.

Әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда жасалған әрекеттерге құқықтық баға беру кезінде олардың мазмұны, жасалу тәсілі, таралу сипаты, адресаттары, қоғамдық тәртіпке әсері және құқық бұзушылық құрамының өзге де белгілері ескеріледі.

Тікелей эфирлерде, бейнематериалдарда, жарияланымдарда немесе пікірлерде жасалған әрекеттердің әрқайсысына нақты мән-жайларына қарай құқықтық баға беріледі. Егер әрекет қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын, айналасындағыларға сыйламаушылықты білдіретін және ӘҚБтК-нің 434-бабында көзделген өзге де белгілерге сәйкес келетін болса, кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Сонымен қатар басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсітуге байланысты әрекеттер қылмыстық заңнамада көзделген жауаптылық мәселесін туындатуы мүмкін.

ІІМ мәліметінше, әлеуметтік желідегі аккаунттың ашық немесе жабық болуы әрекеттің құқыққа сәйкестігін өздігінен айқындамайды. Жабық аккаунттардағы, жабық топтардағы немесе шектеулі аудиторияға арналған тікелей эфирлердегі әрекеттерге құқықтық баға олардың нақты мазмұнына, қатысушылар шеңберіне, таралу сипатына және тиісті құқық бұзушылық құрамының белгілеріне қарай беріледі.

Интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтар азаматтардың өтініштері мен хабарламаларын қарау, сондай-ақ уәкілетті органдар жүргізетін профилактикалық және мониторингтік іс-шаралар барысында анықталуы мүмкін.

Азаматтар әлеуметтік желілерде немесе онлайн-платформаларда құқыққа қайшы әрекеттердің белгілеріне куә болған жағдайда ішкі істер органдарына «102» арнасы, тиісті мобильді сервистер немесе «e-Otinish» ақпараттық жүйесі арқылы өтініш бере алады. Келіп түскен өтініштер заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеліп, олардың негізінде тиісті тексеру жүргізіліп, құқықтық баға беріледі.

Құқыққа қайшы контенттің кейіннен жойылуы немесе оған қолжетімділіктің шектелуі құқық бұзушылықтың мән-жайларын анықтауға кедергі келтірмейді. Құқық бұзушылық фактісін растау үшін заңда белгіленген тәртіппен алынған бейнежазбалар, скриншоттар, электрондық деректер және басқа да материалдар пайдаланылуы мүмкін.

ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық мәселесі әрбір нақты факт бойынша жеке қаралады. Бұл ретте құқық бұзушылықтың сипаты, жасалу жағдайлары, келтірілген зиян, тұлғаның кінәсі және заңнамада көзделген басқа да мән-жайлар ескеріледі.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдалану кезінде құқық бұзушылықтардың, оның ішінде ұсақ бұзақылық пен жала жабудың белгілері анықталуы мүмкін. Жала жабу ӘҚБтК-нің 73-3-бабында көзделген және басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтерді таратуды білдіреді.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету шеңберінде цифрлық кеңістіктегі құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда заң талаптарын түсіндіретін ақпараттық материалдар, бейнероликтер, инфографикалар және жарияланымдар орналастырады.

Кәмелетке толмағандар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарында профилактикалық іс-шаралар, дәрістер мен түсіндіру кездесулері өткізіледі. Олардың барысында кибербуллингтің алдын алу, интернеттегі қауіпсіздік, желідегі мінез-құлық мәдениеті және құқықтық жауаптылық мәселелері түсіндіріледі.

Сонымен қатар блогерлермен, контент жасаушылармен және қоғамдық пікір көшбасшыларымен интернет кеңістігіндегі құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Цифрлық кеңістіктегі құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері ішкі істер органдарының тұрақты назарында.

Құқық қолдану практикасы әрбір нақты жағдайдың мән-жайларын ескере отырып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале