Таяуда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талап Таймасұлының шығармашылық кеші өтті.

«Жырым менің жүрегімнің жылуы» атты әдеби кеш мерейтой иесінің 60 жасқа толуына орай ұйымдастырылып, көпшілікке рухани әсер сыйлады. Айта кетейік, Талап Таймасұлы 1965 жылы Қаратөбе ауданында туған.
Ол – ғалым-ұстаз, өлкетанушы, жоғары санатты тәлімгер, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі, Қырғызстан Республикасының «Шыңғыс Айтматов», «Гүлсайра Момунова» атындағы және «Алтын калем» медальдарының, Өзбекстан Республикасының «Әлішер Науаи» атындағы орденінің иегері. Бірнеше жыр жинағының авторы.
Өнер жолын айтыстан бастаған ақын бүгінде балалар поэзиясы бағытында аянбай еңбек етіп келеді.
Кеш барысында ақынның шығармашылығы кеңінен насихатталып, оның сөзіне жазылған әндер орындалды. Сондай-ақ бұл кеште Талап Таймасұлының алты томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл маңызды сәт ғалымдар Тұяқбай Рысбеков пен Зейнолла Мүтиевке тапсырылды.

– Ақындық деген басқа өнер түрлерімен салыстыруға келмейді. Әркім ақын бола бермейді. Ол – Құдай берген талант. Сіз өз талантыңызды саудаға салмайтын ақынсыз. Сондықтан сізге деген құрмет ерекше. Сіздің ерекшелігіңіздің тағы бір көрінісі – «Ақбереніңіз».
«Ақберен» бұл – шәкірттерді тәрбиелеу, өзінің талантына сай өз мектебін ашу деген сөз. Шәкірттеріңіз биіктен көріне берсін, жасыңызға жас қосыла берсін, – деген ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тұяқбай Рысбеков
кеш иесіне қала әкімі Мұрат Бәйменовтің алғысхатын табыстады.
Әдеби кеш жыр оқу, әдемі әңгіме, ақжарма тілектермен өріліп, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
– Талап Таймасұлы – қандай құрметке де лайық адам. Жүріп өткен жолы қандай өнегелі болса, болмысы сондай қарапайым. Ол тек ақын ғана емес, нағыз ұстаз. Оның тәрбиесін көрген, ақылын тыңдаған әр шәкірті ақын болып кетпесе де, адам болып қалыптасатыны анық, – деді М. Өтемісов атындағы БҚУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев.
Кеш барысында ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, шәкірттері жыр оқыды. Сонымен қатар кешке ақынның жетекшілігіндегі «Ақберен» жас ақындар мектебінің түлектері де арнайы келіп, ұстаздарына ақжарма лебізін білдіріп, иығына құрмет ретінде шапан жапты.
Талап Таймасұлы – қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет етіп жүрген қаламгер. Бұл кеш оның шығармашылығына көрсетілген құрметтің бір белгісі болды.
Жан Аят