16.10.2023, 13:00
Оқылды: 16

«Аналар үйінің» шапағатын көргендер көп

Орал қаласындағы «Аналар үйі» көп әйелге пана болған орталық. Қазір орталықта төрт әйел мен бес бала тұрып жатыр. Қаладағы «Аналар үйі» осыдан 10 жыл бұрын ашылған. Идея авторы - белгілі кәсіпкер, меценат Айдын Рахымбаев. Жалпы «Аналар үйі» республика бойынша әр қалада жұмыс істейді.

аналар
Аналар үйін ашудағы мақсат - жетім балалардың санын көбейтпеу. Басына іс түскен әйел өмірден баз кешіп, баласын балалар үйіне тапсырмаса екен деген ойдан туған.

Бұл ізгі мақсат орындалып та келеді. Оралдық кәсіпкерлер тағдыр ауыртпалығын арқалаған осындай аналарға қолдау көрсетуде. Атап айтсақ қаладағы «Ана үйіне» белгілі меценаттар Самат Дауымов пен Болат Каримов қол ұшын беріп отыры екен. Осындай кәсіпкер азаматтардың арқасында басына іс түскен әйелдер жылы жерде сәбилерін бағып, өмір сүруде.

fa28dd09-a46c-4ad7-b737-725791d5cf4f

- «Аналар үйіне» келуші әйелдер көп, - дейді орталық жетекшісі.

Биыл 23 әйел балаларымен келіп, паналапты.
- Қазір орталықта төрт ана мен бес бала тұрып жатыр. Негізі орталық 12 адамға арналған. Біздің мақсатымыз - жетімдіктің алдын алу. Өмірдің қиын жағдайында қалған әйелдер баласынан бас тартапсын дейміз. Айналасынан, туыстарынан қолдау таппаған әйелдер кішкентай сәбилерімен келіп тұрады. Біздің орталықта аналар алты айға дейін тұра алады. Психологиялық көмек, медициналық көмек көрсетеміз. Құжаттарын түгендейміз, көп әйел құжатсыз келеді. Әйелдер бұл орталықта тегін тұрады. Тамағы бәрі тегін. Бізге ол жағынан меценаттар көмектеседі, - дейді Замзагүл Шканова.

Орталықтың ашылғанына 10 жыл болған. Осы жыл ішінде 300-ге жуық ана орталық қызметін алған. Соның ішінде баласынан бас тартуды көздеген 120 ана болыпты. «Ана үйінің» психологтарының көмегімен олар өз балдарынан бас тартпай, аман қалған. Яғни, 120 бала жетімдіктен аман қалған.
Жасыратыны жоқ «Аналар үйін» паналап көбіне жетімдер үйінің түлектері келеді. Себебі олар өздері жетім өскен. Қолдайтын, қорғайтын ешкімдері жоқ. Одан бөлек материалдық көмек сұрайтын жалғыз басты аналар мен туысынан пана таппаған жас әйелдер де келеді екен.
- Біз орталыққа кейде баланы перзентханадан алып келеміз. Бұл жерде бауырсақ пісіріп, шілдехана жасап, баланы бесікке саламыз. Ұлттық салт-дәстүрдің бәрін жасаймыз. Ондағы мақсатымыз жас аналардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, бала мен әйел арасына байланыс орнату. Өкінішке орай бізге келетін әйелдер ең қарапайымы баласын дұрыс емізуді де, жуындыруды да білмейді. Оларға ешкім үйретпейді. Қазір тұрып жатқан әйелдердің бәрі жетімдер үйінің тәрбиеленушілері. Оларға кім үйреткендей, - дейді орталық жетекшісі.

Аналар үйінің жетекшісі Замзагүл Шканова осы орталықтағы әр әйелдің анасындай, ал балалардың әжесіндей болып кеткен Айналып, толғанып бала бағып жүргені. Жүректе мейірім болса өз балаң да, өзгенің баласы да сияды екен-ау деп қайттық орталықтан.

Жанат Көшкінбай, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале