26.03.2022, 17:20
Оқылды: 46

Қазақстанда Pfizer вакцинасының қоры жеткілікті ме - Айжан Есмағамбетованың жауабы

Таяуда ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында еліміздегі карантин талаптары қайта қаралып, біраз жеңілдей түсті. Мысалы, ғимарат ішінде маска тағып жүрудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, ендігі уақытта қазақстандықтар Pfizer вакцинасын алу мүмкіндігі туды. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетовадан Pfizer вакцинасын егу барысы, жалпы елдегі эпиджағдай туралы сұрап білген еді.

211211082038536e

- Айжан Серікбайқызы, коронавируспен күресте белгілі бір нәтижеге қол жеткіздік деп айта аламыз ба? Елдегі эпиджағдайдың тұрақталуына не әсер етті?

- Расымен қазір Қазақстанда эпиджағдай тұрақталды. Бүгінде күніне індет жұқтырған 50-ге дейін жағдай тіркеліп жатады. Ақпанмен салыстырсақ наурызда коронавирустың тарауы 26 есеге азайған. Бұл вакцина және ревакцинацияның тиімділігі, сол жұмыстың нәтижесі. Қазіргі таңда қоғамда белгілі бір деңгейде ұжымдық иммунитет қалыптасты. Екпе алғандар мен коронавирусқа қайта шалдыққандарды есепке алғанда Қазақстанда ұжымдық иммунитет орташа есеппен 65 пайызды құрайды. Елдегі тұрақты эпиджағдайды сақтап, одан әрі жақсарта түсу үшін ұжымдық иммунитетті төмендетіп алмау керек. Ол үшін вакцина алып, ревакцинациядан өту қажет. Сондықтан қазақстандықтарға ревакцинаны уақытылы алу керектігін еске саламын. Елімізде вакцина және қайта вакцина алу үшін де екпенің көлемі жеткілікті. Коронавируспен күресте, елдегі эпиджағдайды тұрақтандыруда вакцина алу және ревакцинациядан өту маңызды екенін қайталағым келеді.

- Pfizer-ді барлық санаттағы азаматтар тегін ала ма? Аталған екпені вакцина және ревакцинациядан өтетіндер алуға бола ма?

- Pfizer вакцинасы барлық қазақстандықтар үшін тегін. Сонымен қатар Pfizer-ді вакцина және ревакцинациядан өткен кезде де алуға болады. Қазір бізде осы вакцина түрінің 2 млн-нан астам дозасы бар. Вакцина және ревакцинация үшін де екпенің көлемі жеткілікті.

- Бүгінде елімізде қанша жүкті және бала емізетін әйелдер Pfizer вакцинасын алды?

- Қазіргі күні жалпы еліміз бойынша Pfizer-дің бірінші компонентін 930 мың пациент салғызса, екінші компонентті 760 мың адам алды. Оның ішінде 638-і жасөспірім, 28 мыңы жүкті әйел және 100 мыңға жуық бала емізетін әйел.

- Pfizer вакцинасы еліміздің барлық өңірі үшін қолжетімді бола ма?

- Pfizer вакцинасы барлық аймақта қолжетімді болады. Өңірлердегі екпе салу бекеттеріне жеткізіледі. Өзіңізге жақын немесе ыңғайлы екпе бекетіне барып Pfizer вакцинасы салғыза аласыз. Ескере кететін жайт, қазақстандықтар мемлекеттік бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы шығып, күшіне енген соң ғана Pfizer вакцинасын салдыра алады. Қаулы бүгін шығады деп жоспарланып отыр.

- Pfizer вакцинасын қосымша сатып алу жоспарда бар ма? Ойын-сауық және сауда орталықтарындағы екпе бекеттерінің жұмысы қайта жандана ма?

- Қосымша екпе салу бекеттері ашылмайды. Себебі осы күнге дейін жұмыс істеп тұрған вакцина салу бекеттері жеткілікті. Сол сияқты вакцина қоры да жеткілікті. Қосымша вакцина сатып алу мәселесі туындаған жоқ. Біз еліміздегі вакцина және ревакцинация процесін қадағалап, бақылауда ұстап отырмыз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале