Бүгін Астанада Халықаралық волонтерлер форумы өтуде. 20-21 маусым күндері өтетін форумға 34 елден 40 спикер қатысуда.
«Форумның мақсаты – волонтерлік қозғалысты қолдау және дамыту, волонтерлік қызметтегі қазақстандық тәжірибені таныстыру және елдің халықаралық сахнадағы жағымды имиджін қалыптастыру, сонымен қоса волонтерлердің статусын арттыру, ынтымақтастық пен өзара әрекеттесуді нығайту», деп хабарлайды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.
Форум аясында волонтерлердің қызметіне қатысты түрлі салалар талқылануда. Атап айтқанда, «Әлеуметтік волонтерлік және инклюзия», «Білім беру мен цифрландырудағы волонтерлік бастамалар», «Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы волонтерлік үлесінің құндылығы мен маңыздылығы», «Жасыл із: волонтерлердің экологиялық проблемаларды шешуге қосқан үлесі» және басқа сессиялық алаңдар ұйымдастырылуда.
Спикерлер қатарында БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Құрбанов, Түркі Мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Мехмет Сурейя Эр, АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқарушы хатшысының орынбасары Дәурен Абаев, режиссер, «Мәдени бастамалар» қорының құрылтайшысы Тимур Бекмамбетов, музыкант, «AHBAP» Ассоциациясының президенті Халук Левент (Түркия); Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори; Қазақстандағы UNICEF (ЮНИСЕФ) өкілдігінің басшысы Артур Ван Дизен және т.б. бар.
Сонымен қатар, Қазақстанның барлық өңірінен делегаттар, жалпы 400-ден астам адам қатысуда. Оның ішінде 140 халықаралық ұйымдардың өкілдері мен шетелдік қатысушылар бар.
zhaikpress.kz