Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен «Атамекен» ҚР ҰКП Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің отырысы өтті.
Басқосуға сондай-ақ «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев қатысты. Отырыс барысында өңірлік кеңес мүшелерінің дауыс беруі арқылы кеңестің жаңа төрағасы болып Мұрат Жәкібаев сайланды.
- Өңірлік кеңестің жаңа төрағасы Мұрат Орынбайұлының қызметіне жаңа табыс, жетістік тілеймін. Ал Валерий Кенжеғалиұлының бұл саладағы өмірлік тәжірибесінің маңызы зор. Оның бұған дейін облысымызда атқарған жұмыстары ұмытылмайды. Өңірлік кеңес жұмысының нәтижелі болуын тілеймін. Сіздер жергілікті биліктен тәуелсіз болсаңыздар да облыс әкімдігімен бір бағытта жұмыс істеп келесіздер. Бірлескен жұмыстарымыз табысты болсын, - деді Ғали Нәжімеденұлы.
Аталмыш кеңестің бұрынғы төрағасы Валерий Жүнісов пен кеңес мүшелері жаңа төрағаның жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде сөз алған жаңа төраға да өзіне сенім артқан әріптестеріне ризашылығын білдіріп, бизнесті дамыту бағытында белсенді жұмысты жалғастыратынын айтты.
Сондай-ақ отырыста «Атамекен» ҚРҰКП VI съезінің делегаттарының құрамы бекітілді.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz