2.05.2023, 12:16
Оқылды: 62

«Ауыз су ысырап болмауы керек»

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен кеңес өтті. Жиында коммуналдық  кәсіпорындардың қазіргі жағдайы мен 2023-2024 жылдарға арналған жоспары, тарифтерді  инвестицияға айырбастау  жобасы және  басқа да мәселелер талқыланды. 

46c76fe0-ea46-4e2e-aa45-532c44139808

«Тәуелділіктен құтылуға қам жасау керек»

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мирас Мүлкай айтып өткендей, өңірде жылу-энергетика саласында ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейтін 2 табиғи монополия субъектісі бар. Олар мемлекет меншігіндегі кәсіпорындар – «Жайықжылуқуат» АҚ және «Ақсайжылуқуат» МКК.

– 2023 жылғы жоспар бойынша бекітілген инвестициялардың көлемі – 4,8 млрд теңге. Соның ішінде бюджеттік инвестициялық жобалар – 3,8 млрд теңге, кәсіпорындардың өз қаражаты – 1 млрд теңге. Биыл инвестициялар есебінен атқарылатын жұмыс нәтижесінде  жылу-энергетика желілерінің тозу деңгейі 0,5%-ға төмендейді, – деді басқарма басшысы. Былтыр Энергетика министрлігі жылу-электр орталықтарының техникалық жай-күйіне талдау жүргізіп, оларды тәуекел топтарына қарай санатқа бөлген еді. Соған сәйкес Орал қаласының жылу электр орталығы «қызыл аймаққа» енген. Себебі аталмыш орталықтың жабдықтарының  88%-ы тозған. Техникалық тексерулердің нәтижесінде 11 ғимараттың апатты жағдайда екені анықталған. Биыл 5 өндірістік ғимаратты қайта құру және күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеуге конкурс жарияланады. Ал «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу желілерінің 50,4%-ы тозғандықтан, кәсіпорын «сары аймақта» орналасқан. Биылғы жылыту маусымына дейін кәсіпорынның қаражаты есебінен 5,6 шақырым жылу желісі күрделі жөнделеді. Ал Орал қаласындағы жалпы ұзындығы 5,6 шақырым №2 және №5 жылу магистральдарын қайта жаңарту қажет. Жылу желілерінің 10%-ы ғана тозған «Ақсайжылуқуат» МКК «жасыл аймақта» тұр. 2024 жылы Ақсай қаласындағы №2 және №3 шағынаудандардағы ұзындығы 3 шақырым жылу магистральдарын қайта жаңартуға ЖСҚ дайындалады. Мирас Мүлкай Бөрлі ауданының әкімдігіне осы жобаларды іске асыру үшін келесі жылға қаражат қарастыруды  ұсынды.

Басқарма басшысының айтуынша, Орал қаласының жылу электр орталығын жаңғырту мақсатында турбоагрегат пен градирняны қайта құру бойынша екі жоба жүзеге асуда. Турбинаны жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Бұл ауыстырылған турбиналық қондырғы өндірілетін электр энергиясын шамамен 12 МВт-қа ұлғайтады. Ал градирня бірінші жартыжылдықта іске қосылады. Ол Жайық өзенінен жылу электр орталығына алынатын техникалық судың көлемін азайтады. Осылайша жылына 4 млн текше метр суды үнемдеуге болады.

Облыста электр энергиясын беру саласында 5 табиғи монополия субъектісі жұмыс істейді. Баяндамашы «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ның жұмысына тоқталды. Кәсіпорынның бекіткен инвестициялар сомасы – 3 137,7 млн теңге. Оның ішінде бюджеттік инвестициялық жобалары 1 900,0 млн теңге болса, өз қаражаты –  1 237,7 млн теңге.

– Бұл кәсіпорын өз қаражаты есебінен 7 қосалқы стансаның жабдығын жаңғыртып, әртүрлі кернеу класындағы 1 967,5 шақырым желіні қайта құрады. Кәсіпорын тәуекел тобының «қызыл аймағында» орналасқан. Себебі желілердің тозуы 82%-дан асады. Тозуды 62%-ға дейін төмендету мақсатында облыстың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспары шеңберінде 2 019,5 шақырым желіні жаңғырту іс-шаралары жоспарланған, – деді Мирас Мүлкай. Биыл ұзындығы 138,1 шақырым «110 кВ-әуе желілерін (Ақжайық, Бәйтерек, Тасқала аудандары және Орал қаласы) қайта құру» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 1 900,0 млн теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 11 жоба бойынша ЖСҚ жасақталады. Қайта құру іс-шаралары 12 ауданның 81 елді мекеніндегі және Орал қаласындағы электрмен жабдықтау қызметтерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Орал қаласында 7 036,9 млн теңге инвестиция қаражатына 3 перспективалық жобаны іске асыру  көзделуде.

Сумен жабдықтау және кәріз желілерін қайта жаңғырту бағытында да жұмыс атқарылуда. Облыстағы «Батыс су арнасы» ЖШС мен «Ақсайжылуқуат» МКК ұзақ мерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейді. Биыл бекітілген инвестициялардың жалпы көлемі – 3,6 млрд теңге. Оның ішінде 3,3 млрд теңге бюджеттік инвестициялық жобаларға жұмсалмақ. Ал кәсіпорындардың өз қаражаты – 0,3 млрд теңге. №2, №3 және №21 кәріздік-сорғы стансаларын қайта құруға, сондай-ақ Орал қаласының жерасты су қойнауындағы ұңғымаларды бұрғылауға 2,8 млрд теңге  бөлінген.

– Тарифтерді ұстап тұрудың көпжылдық саясаты бүгінгі күні бекітілген коммуналдық қызметтердің тарифтік сметасының тиімсіз екенін көрсетуде. Тарифтік сметаның теңгерімсіздігіне байланысты коммуналдық кәсіп-орындар биылғы сәуір-шілде аралығында тарифтерді 20%-ға дейін ұлғайтуға өтінімдер беруді жоспарлап отыр. Сәуір айында жылу, мамырда су және кәріз, ал шілдеде электр жүйесі бойынша өтінімдер қаралады. Тарифтерді мерзімінен бұрын өзгерту табиғи монополиялар саласындағы қызметкерлердің жалақысын өңірлер бойынша орта салалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2021-2025 жылдарға (инфляция деңгейі) арналған ұзақ мерзімді тарифтерді жоспарлы өсіруге болады. Осыған байланысты ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша департаментінен осы бастамаларға қолдау көрсетуді сұраймын, – деді басқарма басшысы.

Облыста 415 елді мекеннің 362-сіне газ тартылған. Биыл Жаңақала ауданындағы 4, Ақжайық ауданындағы 2 және Сырым ауданындағы 1 ауылға газ жеткізу жоспарда тұр. Өңірде барлығы 9,6 мың шақырым газ құбыры бар. Мирас Рүстемұлының айтуынша, қазір облыстық коммуналдық меншіктегі газ желілерін республикалық коммуналдық меншікке беру және оларды «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның теңгеріміне өткізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Биылдың өзінде республикалық коммуналдық меншікке құны 10,8 млрд теңге, жалпы ұзындығы 1,5 мың шақырым газ құбыры  өткізіліпті.

– Жәнібек ауданындағы Талов, Борсы, Қамысты ауылдары және Бәйтерек ауданының Раздольное ауылы Ресей Федерациясының шекарасына өтіп жатқан газ құбырына қосылған. Осы орайда әлемдегі тұрақсыз геосаяси жағдайды ескере отырып, аталған ауылдарды жергілікті газ құбырларына қосуға шешім қабылданды. Осы бағытта жоба жасақталады. Бұл шаралар облыстағы барлық елді мекенді толығымен көгілдір отынмен қамтуға әрі тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді, – деді басқарма басшысы. Оның айтуынша,  Ростоши – Тайпақ газ құбыры өңірдегі 54 елді мекенді газбен қамтуымен маңызды. Ұзындығы – 349 шақырым. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өзінің теңгеріміндегі газ құбырын  2017 жылдан бері өз күшімен жаңартып келеді. 2025 жылдың соңына дейін 19 шақырымын жаңарту көзделген. Газ құбырын  бюджет қаражаты есебінен толығымен жаңарту жоспарланып отыр. Баяндамашыны тыңдаған Нариман Төреғалиұлы «Жаз мезгілін тиімді пайдаланып, жылыту маусымына толықтай дайындалу қажет», – деді. Сондай-ақ Ресей елінен келетін көгілдір отынға және электр жарығына тәуелділіктен құтылуға қам жасау керектігін баса айтты. Бұл тарифті арзандатуға да мүмкіндік береді. Облыстың кешенді даму жоспары аясында электр желілері мен жабдықтарын қайта құруға бөлінетін 20 млрд теңгенің тиімді жұмсалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін еске салды.

«Тарифтерді инвестицияға айырбастау»

Кеңесте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО бойынша басшысы Гүлжаз Қазбекова жаңа тарифтік саясатқа көшу жөнінде баяндады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында  «монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды»  екенін атап өткен  еді. Себебі елде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Мемлекет басшысы тарифтерді күшпен ұстап тұрудың соңы түрлі апатты жағдайларға әкеліп, азаматтардың денсаулығы мен  өміріне қатер төндіретінін айтты. Сондықтан монополия нарығында «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тариф саясатына көшу керек деді.

– Облыстағы тарифтер соңғы жылдары инфляция индексінің ең төменгі деңгейінен жоғары көтерілмеді, бұл шамамен – 4-6%. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында тарифтерді өсіруге мораторий жарияланды. Мысалы, жылыту тарифтері 2019 жылдан бері өзгерген жоқ.Газбен жабдықтау тарифі халық үшін 1%-ға төмендеді, ал басқа тұтынушылар үшін тарифтің өсуі – 5,38%. Болашақта инфляция деңгейіне, облыстағы инженерлік инфрақұрылымдардың тозуына байланысты коммуналдық сегменттегі тарифтер сөзсіз өседі. Ал бұл айтарлықтай инвестиция тартуды талап етеді. Бүгінгі таңда облыс бойынша коммуналдық желілердің тозу деңгейі орта есеппен – 60%. Оның ішінде Орал қаласының жылумен жабдықтау желілері – 50,7% (ЖЭО жабдығының тозуы 87,8%), сумен жабдықтау желілері – 61,5%, су бұру – 60%, электр желілері 82%-ға тозған. Облыс орталығына жылу беретін «Жайықжылуқуат» АҚ-да жылу желілері мен құрылыстарының тозуы да жоғары деңгейде. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының коммуналдық қызметтердің инвестициялық тартымдылығын жақсарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру бағытында жұмыс атқарылуда. Ол тарифтердің, оның ішінде орташа тарифтерді өсіру арқылы инженерлік инфрақұрылымдардың тозу деңгейін төмендетуді көздейді, – деді  Гүлжаз  Жәнібекқызы.

Баяндамашы айтып өткендей, тарифтің деңгейі табиғи монополия субъектісі  ұсынған өтінімге байланысты анықталады. Қазір тарифтердің мөлшері белгісіз және ол кезең-кезеңімен көтеріледі. Бұл ретте жоспарланған тарифтің құрамында желілердің тозуын азайтуға бағытталған инвестициялар ғана болмайды. Оған табиғи монополия субъектісі қызметкерлерінің жалақысын арт-тыруға кететін шығындар, субъектілерге балансқа берілген иесіз желілерді ұстауға және оларға қызмет көрсетуге арналған шығындар да енгізіледі. Теңгерімделген тарифті 2 кезеңде, сәуір-маусым және шілде-қыркүйек айларында өзгерту жоспарланған.

– Қазіргі уақытта монополия субъектілерін күтіп ұстау үшін тарифті өсіру қажет. Сондықтан халық арасында осы мәселені жан-жақты түсіндірген жөн. Мысалы, құтыдағы бір литр су 200-400 теңге тұрады. Жалпы ауыз су ысырап болмауы керек. «Судың да сұрауы бар». Республика бойынша Батыс Қазақстан облысында ғана судың тарифі төмен. Ал ел арасында таза ауыз сумен мал мен бақша  суаратындар бар. Тіпті көлік жуатындар да кездеседі. Алайда мұндай келеңсіздікті тоқтату керек, –  деді Нариман  Төреғалиұлы.

Дайындық қазанның 1-інде аяқталады

Коммуналдық кәсіпорындардың қазіргі жағдайымен танысқан облыс әкімі монополия субъектілерінің басшыларына сұрақтар қойды. Мәселен, «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Бақытжан Әкімғожиннен жылыту маусымы кезінде көппәтерлі тұрғын үйлердегі жылу қуатының тұрақты режімінің неліктен сақталмайтынын сұрады. Облыс орталығындағы көптеген үйдің тұрғындарынан пәтерлердегі температураның төмендігіне байланысты шағымдар көп түскен. «Жылу электр орталығы сырттағы ауа температурасына байланысты жұмыс істейді. Біздің кәсіпорынның басты міндеті – орталықтан шыққан жылуды көппәтерлі үйлерге дейін жеткізу. Одан әрі жылумен қамтуға жеке пәтер иелері кооперативтері немесе меншік иелерінің бірлестіктері жауапты», – деп жауап берді Бақытжан Ғаниұлы. Оның айтуынша, қалада ешқандай кооперативке де, бірлестікке де бірікпеген 200-ден астам үй бар. Облыс әкімі құзырлы мекеме басшыларына меншік иелерінің бірлестіктерін құру бойынша  жұмыс  істеуді  тапсырды.

Сондай-ақ тұрғындардың «Жайықжылуқуат» АҚ-ға бережағы жөніндегі ақпаратты әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында неліктен жарияламайтындарын сұрады. Енді қызмет ақысын төлемейтін тұрғындардың үйіндегі жылуды тоқтататындай шараны қолға алу қажеттігін айтты.  Бүгінгі күні «Жайықжылуқуат» АҚ-ның «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға кредиторлық берешегі 1,1 млрд теңгеге жеткен. Өңір басшысы бұл саланың қызметін ай сайын тексермек. Нариман Төреғалиұлы «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС басшысы Қуат Мусинге ең шалғайдағы аудан-ауылдардың электрмен жабдықталуын назарға алуды тапсырды. Ал «Батыс су арнасы» ЖШС басшысы Әнуар Аркеновке №2 және №3 кәріздік-сорғы стансаларын жөндеуді жеделдету қажет деді.

Кеңесте облыс орталығының тазалығына қатысты мәселелер де айтылды. Облыс әкімі Оралда, аудан-ауылдарда бағаналары қисайған немесе жерде жатқан, сырланбаған газ құбырларының бар екенін алға тартты. Сондықтан «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Орал» МГҚБ филиалының басшысы Абай Байкуловқа аудан әкімдерімен бірлесіп мониторинг жүргізуді тапсырды. Табиғат құбылмалылығының әсерінен қорғау үшін газ құбырлары сырлануы керек. Өңір басшысы «Жайықжылуқуат» және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ларға бірыңғай төлем жүйесіне қосылулары қажет екенін ескертті. Сондай-ақ коммуналдық мекеме басшыларына барлық ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы уақтылы жариялап отыру керектігін еске салды. Селекторлық режімде байланысқа шыққан Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановқа 2-ұңғыманы тезірек іске қосуды тапсырды.

Өңір басшысы кеңес соңында күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша басқа да бірнеше тапсырма берді. Олардың қатарында аудан-ауылдарда электр желілерінің  бойында өскен ағаштарды кесу, жылыту маусымына дейін жанар-жағармайдың қажетті көлемін сатып алып, қор жинау, тозып тұрған су және кәріз желілерін жөндеу және басқа да маңызды іс-шаралар бар. Нариман Төреғалиұлы биылғы жылыту маусымына дайындықты қазанның 1-інде аяқтауды тапсырды.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале