28.02.2023, 11:15
Оқылды: 11

Азаптауға жол жоқ!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында құқық қорғау институттарын күшейту міндетін қойып, азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы қажеттігіне тоқталды. «Қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір құрылым жоқ. Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын. Осындай ұстаным тергеудің объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмау қағидатын бекіте түседі» деген Президент одан әрі прокуратура және адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдайтын мезгіл жеткендігін, бұл құжаттар заң тәртібін күшейту мен құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіруге жол ашу керектігін айтты.

34DC9524-CCC4-4E9E-A256-504E56B85F8C

Аталған мақсат-міндеттерді іске асыру үшін осы жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне (бұдан әрі-ҚРҚПК) өзгерістер енгізіліп, соған сәйкес азаптау туралы қылмыстық істерді тергеу прокуратураның құзыретіне өтті. Мұндай санаттағы істерді бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылымдары мен ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік бөлімшелері тексерсе, енді кез келген шағымды прокуратура қарауға және тексеруге міндетті.

Сонымен, осыған дейінгі тергеу тәжірибесін зерделесек, кінәлілерді жауапкершілікке тарту және азаптау туралы қылмыстық істерді сотқа жіберу мардымсыз болғаны байқалады. Негізгі себеп – азаптауға қатысты істерді тергеу әрекеттерінің жедел әрі жүйелі жүргізілмеуі. Осыған байланысты азаптау айғақтарының жоғалуын болдырмау мақсатында Бас прокуратура «Азаптаулар туралы қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру туралы» арнайы нұсқаулық әзірледі. Соның негізінде қазір арызды (хабарламаны) алған немесе бұл деректі нақты анықтаған прокурор оны дереу сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне (бұдан әрі – СДТБТ) енгізіп, шұғыл тергеу әрекеттерін жүргізеді. Айта кетелік, бұл норма Ыстамбұл хаттамасының («Азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін тиімді тергеу және құжаттандыру жөніндегі нұсқаулық») талаптарына толық сәйкес келеді. Әрі прокуратура бас бостандығынан айырылып, жаза арқалағандардың азап шекпеуін қадағалаумен қатар, тиісті құрылым қызметкерлеріне мұндай ісәрекетке барғандар тиісінше жауапкершілікке тартылатындығын ескертіп отырады. Қызметтік бөлмелердегі камералардың, бейнежазбалардың және серверлердің үзіліссіз һәм қалыпты жұмысы да ұдайы бақылауда. Оған бекітілген жауапты адамдар бар.  

Тағы бір айта кетер нәрсе, уақытша ұстау, тергеу абақтылары мен түзеу мекемелеріне баратын қалалық және аудандық прокуратуралардың кезекші прокурорларының рөлі күшейтілді. Мұндағы негізгі мақсат – ар-намысты қорлауға, әлгінде айтқан  барлық заңсыздыққа тосқауыл қою. Бұдан бөлек, прокуратура өкілдеріне азаптау туралы түскен арыздарға жіті назар аударып, «ыстық іздер бойынша» шұғыл тергеу әрекеттерін жүргізу міндеттелген. Қандай қылмыстық іс болмасын, тергеу кезінде гуманизм мен заңдылық қағидатын берік ұстану – заман талабы. Сайып келгенде, қоғамның әрбір мүшесі біздің еліміздің толыққанды азаматы болып есептелетіндіктен, адам құқығын құрметтеу – ең маңызды да мағыналы іс. Елімізде «мүлдем төзбеушілік» қағидатын терең қалыптастыру да сіз бен бізге ортақ парыз. Сонда ғана Қазақстанның мемлекетаралық беделі артып, өзара сенім күші нығая түспек. Президентіміздің басты ұстанымы да көпке айқын: халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, нақты өзгерістер қажет. Сондықтан әр кез үлкенді-кішілі мәселені ашық талқылап, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірлесе іздесек қана нәтижелі іс атқара аламыз. Жалпы, айтылған азаптауларға қатысты ақпаратпен бөлісемін деушілер табылып жатса, прокуратура құрылымдары оларға өз қолдау-көмегін көрсетіп, бірлесе қызмет  атқаруға  дайын.

Нұрлан Ерманов,

облыс прокурорының орынбасары

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале