Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингке облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин және Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ Азия ойындарының жүлдегерлері Мария Бровкова мен Даниил Артюх қатысты.
- Сары құрлық ойындарында облысымыздан 8 спортшы өнер көрсетті. Олар: байдарка мен каное есуден Мария Бровкова мен Андрей Ергучев, садақ атудан Шамиль Мауединов пен Алина Ілиясова, жеңіл атлет Георгий Шейко, ашық суда жүзуде Даниил Андосов, көгалдағы хоккейде Виктория Шаймарданова және су добынан Даниил Артюх. Ел спортшылары 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль еншіледі. Ал біздің өңір спортшылары екі қол бір күміс еншіледі, - деді Жеңіс Махамбетұлы.
Одан соң спортшылар сөз алып, Азия ойынлдары жайында пікірлерін білдірді. Азия ойындарына үлкен дайындықпен барғанын айтқан ескекші қыз Мария Бровкова негізгі мақсаты Париж олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғау екенін айтты.
- 200 метр қашықтықта қола, 500 метрлік сында күміс жүлдеге ие болдым. Жанкүйер қауымды қуанта алдық деген сенімдемін. Бірақ алтынға сынық сүйем жетпей қалғанымыз өкінішті. Алда талай жарыс бар. Басты дода Париж олимпиадасы сонда бар күшімді салып, ел қоржынына алтын медаль салуды алдыма мақсат етіп қойдым, - деді Мария Бровкова.
Бір кездері Азия су добының үздігі болған ел құрамасы соңғы жылдары өз биігінен түскендей. Десе де негізінен жас ойыншылардан құралған ватерполшыларымыз намысты қолдан бермеді. Ел құрамасының қола медаль жеңіп алуына үлкен үлесін қосқан Даниил Артюх қазақ ватерполының жаңа белеске шығуына бар күшін салатынын жеткізді.
- Азия ойындарында бізге жанкүйер болып, қолдауын аямаған барша жерлесіме алғысым шексіз. Бірақ қола медалға көңілім толады дей алмаймын. Өйткені біздің команданың әлеуеті жоғары. Сондықтан жауапты азаматтар спортты дамытуға, жастарға тәрбиелеуге үлкен көңіл бөлгенін қалаймын, -деді Даниил Артюх.
Одан соң спортшылар БАҚ өкілдері қойған сауалдарға жауап берді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz