ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі AstanaMediaWeek дәстүрлі халықаралық форумында Қазақстанда медиасауаттылықты арттыруға арналған мектептер ашылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Фейкньюсті аудиторияны сенімді ақпаратты тани білуге машықтандыру арқылы ғана азайта аламыз деп ойлаймын. Осындай кезде ойымызға дезинформациямен күресудің бір жолы ретінде аудиторияны жалған мен шын ақпараттың ара жігін ажыратуға үйрету, яғни медиасауаттылық ұғымын ұлғайту дұрыс деп санаймыз. Жеке медиа, инфлюсер не редакциялар сөз жауапкершілігін, ақпараттың алдындағы, оның салдарынан болатын салмақты сезінуге тиіс. Бұл орайда салаға жауапты министрлік ретінде медиа мектептерін ашу, оның ішінде медиасауаттылық бойынша білім беру – біздің тікелей міндетіміз», - деді Дархан Қыдырәлі.
Айтуынша, аталған бағытта бірлесіп қолға алатын бірқатар іс-шара бар.
«Фактчекинг, ақпаратты саралау, оның шығу төркінін тексеру, таратпас бұрын белгіленген критерилерден өткізу секілді бірнеше сатыдан тұратын оқыту жүйесін ұйымдастыруымыз керек. Бұл орайда жуырда жаңаруы көзделіп отырған массмедиа туралы заң жобасында біршама жаңашылдық болмақшы. Ақпаратқа қол жеткізу, журналистердің мәртебесін көтеру, кәсіби құзыретін арттыру секілді біршама өзгерістерді жоспарлап отырмыз», - деді министр.