«Балабейне» деп отырғаным қалалық мектептердің маңына орнатылған оқушылардың фотомакеттері. Мұндай ескертпе белгілердің жол-көлік оқиғаларының алдын-алуға әжептәуір әсері барлығын жоққа шығаруға болмайды. Егерде талапқа сай орнатылса, әрине.

Мысалы, облыс орталығындағы №40 мектептің маңдай тұсына, яғни, Мұхит пен Жұбан Молдағалиев көшелерінің қилысына қойылған оқушының фотобейнесі тым төмен орнатылған әрі көзге қораш көрінеді, кіп-кішкентай. Оның үстіне үшбу «балабейненің» үстіндегі киім-кешегінің түсі солғын. Бояуы оңып кеткен бе, әлде әуелден сондай ма, біз ол жағын ажырата алмадық. Бұған қоса аталмыш қиылыстың қарсы бетінде әлгіндей ескертпе белгі мүлдем жоқ. №7 мектептің маңында да әлгіндей ескертпе белгі М. Ықсанов – Ә. Кердері көше қиылыстарының бір жағына ғана қойылған. Осындайларды көре жүріп кейбір кісілердің «Апырым-ай, ақша жасауға келгенде жұмыртқадан жүн қырқатын біздің кейбір пысықайлар балалардың қауіпсіздігі үшін бөлінетін ақшадан да жымқырады-ау, шамасы...» деген күдікті ойға берілуі әбден кәдік. Ал №3 және №27 мектептердің айналасынан оқушы ұл-қыздардың фотомакеттерін мүлдем көре алмадық.

Бәлкім біздің осы ақпаратымыздан кейін құзырлы мекемелердің өкілдері мониториг жүргізіп, қай білім ошағының айналасында «балабейненің» бар-жоқтығын өздері анықтай жатар. Мүмкін әлгіндей макеттерді балабақшалардың төңірегіне де орнатқан артық болмас...
Жол «торыған» ағаштар-2
...Әлқисса, үшбу мәселені «Жол «торыған» ағаштар» («Оө», №88. 28. 07. 2022) деген атаумен өткен жылы да көтергенбіз. Жол торитын, әрине, ұры-қарылар мен қарақшылар. Бірақ екі бағыттағы көше жолдарының үстеріне төніп тұрған ағаштарды көргенде әлгілерді еріксіз жол торыған ұры-қарыға ұқсатады екенсің. Онсыз да ені тар жолмен ерсі-қарсылы ағылған қарайған аутоарғымақтардың үстінен төне түскен тал-теректерді көрген кісінің көңіліне үрей ұялайды: «Мыналардың бірі болмаса, бірі бір күні іші кісіге толы көліктің үстіне құлар болса...»

Былтырғы мамыр айында Жамбыл облысының орталығы Тараз шаһарында аялдамада алаңсыз аутобус күтіп тұрған 11 жасар жасөспірім үстіне қураған ағаш құлап, мерт болды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, жолдың үстіне төне өскен ағаштар да әлгіндей қауіп-қатердің көзі екендігі шүбәсіз. «Сақтансаң, сақтармын» дегенге сайып, біз Оралдың біраз көшесін аралап, адам өміріне қауіп төндірер тал-теректердің аз еместігіне және бір мәрте көз жеткіздік. Сол көргеніміздің бір-екеуін фотоайғақ (фотофакті) ретінде біз бүгін халықтың да, қалалық биліктің де назарына тағы да ұсынып отырмыз. Қалған фотоайғақтар газетіміздің алдағы сандарының бірінде жарияланады.

Айтпақшы, ауа райын болжаушылардың күні ілгері болжам-байламына қарағанда, осы ақпан қарға жомарт көрінеді. Қыстың соңғы айы көктемнің алғашқы айы наурызға барып тірелетіндіктен әдетте ақпанның қары ылғалды болып келеді. Демек, күні ертең-ақ бұтақтарының үстіне ылғалы мол қар қонақтар жолға төне өскен ағаш атаулыдан алдын ала арылған абзал.
«Назар аударыңызға» назар аударған Бауыржан Әлжанұлы