
Өткенде шаһардағы Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы Бәйтерек базарында бір бұзақы жұртқа балта ала жүгіріп, әлек салды.
Сол сәтте Жаниха Сарисова әлгіден тайсалмай, қарсы тұрды.
Басбұзар балта ала жүгіргенде өзгелер, әсіресе, ер-азаматтар қаша жөнелген. Сол сәтте сатушы Жаниха Сәндіғалиқызы шу шыққан тұсқа алғашқылардың бірі болып тұра ұмтылады. Куәгердің айтуынша, 40 жастың шамасындағы күдікті осы күнге дейін дүкендердегі заттарды жымқырумен айналысқан. Ал сол күні ол телефон сататын екі өзбек жігітінен әлденені сұрап, талап етіп, бопсалаған. Қойнына жасырған балтасын шығарғанда сатушы жігіттің бірі сыртқа қашып шыққан. Гу ете қалған дауысты естіген Жаниха апа оқиға орнына шұғыл жетеді.
– Оны осы базардағы сатушылар тегіс біледі. Бірде көрші бутиктен ыдыс жуатын шүберекті ұрлап кеткенін естідім. Оңайлықпен қолға түспейтін әккі ұры ғой, полицияға хабарласқан кезде ізім-ғайым жоғалып кетеді. Базар ішін аралап жүргенін көрдім. Аз уақыт өткен соң шу еткен дауысты естіп, сол жаққа жүгіре бардым. Сөйтсем, сол баяғы ұры қолындағы балтасымен өзбек жігітін қорқытып тұр екен. Алыстан қарап тұруды жөн көрмей, жалма-жан жабыса кеттім. Маған көмектесу мақсатында өзге әйелдер де оны жұлқып, жерге құлатты. Базар күзетшісі жәрдемдесіп, аяқ-қолын скотчпен орап, полиция қызметкерлеріне табыстадық. Қанша дегенмен ер адам ғой, әйелден күші басым. Оқиға кезінде базардағы ер адамдар қорқып, бойын алыс ұстады. Талтүсте мұндай бұзақылық жасағанды алғаш көруім, – деді Жаниха апа.
Бұл оқиға базардың бейнекамерасына жазылып қалған. Бірақ әлеуметтік желіде кең тарала қоймады. Аталмыш бейнежазбаны БҚО полиция департаменті орталық аппараты ардагерлер ұйымының төрағасы Құрманғазы Алхамұлы көріп, ұйымның кеңес отырысында талқыға салады. Осылайша Құрманғазы Алхамұлы ұйымның төраға орынбасары Ерген Аймағанбетовпен бірге Жаниха Сарисованың дүкеніне арнайы барып, ақжарма тілегін жеткізіп, алғысхат табыстады. Ардагер Алхамұлы осындай ірі сауда орындарында тәртіпті қадағалау мақсатында құрылым қызметкерін кезекшілікке қою керектігін айтты.
– Жаниха қарындасымыздың осы батыл әрекеті ерлікпен пара-пар.
Бұзақының суық қаруы болғанына қарамастан қайсарлығын көрсетіп, ұрының ұсталуына атсалысты. Егер ол бейтарап ұстанымда болып, қара басын ойлап, көппен бірге қарап тұрса, оқиға соңы қалай аяқталары белгісіз еді. Мен Жаниха Сәндіғалиқызын кешегі батыр апаларымыздың жалғасы деп мақтана, нық сеніммен айтар едім.
Құрылым өкілдеріне құлаққағыс. Бұл оқиға бәрімізге сабақ болуы тиіс. Қазір қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандандырылған күзет қызметі жұмыс істейді. Осы орайда шаһардағы үлкен сауда орындары мен базарларда құрылым қызметкерлері кезекшілікке қойылса дейміз. Сонда қоғамдық орындарда ұрлық атауы, бұзақылық сейілер еді, – деді ардагерлер ұйымының төрағасы Қ. Алхамұлы.
Жаниха Сарисованың бес перзенті бар. Жанұядағы негізгі табыс көзі – сауда саласы. Ол жарты жылға жуық осы Бәйтерек базарындағы бутикті жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Нұрым Ғұмар,
«Жайық Пресс»