Абырой болғанда, адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ. Алайда бұл оқиға үйдің де аса қауіпті жағдайда екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Ғимараттың тозығы жеткені соншалық, оны жөндеумен мәселе шешілмейтіні анық. Үйдің әбден ескіргені, өмір сүруге қауіп төндіретіні күн сайын байқалып отыр.
— Ертең тұрғын үйдің өзі құламасына кім кепіл? Адам өміріне қауіп төнгеннен кейін ғана әрекет ету дұрыс емес деп есептейміз. Осыған байланысты Қ.Аманжолов көшесі, 32-үй тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халықтың игілігіне бағытталған нақты әрі әділ шешім қабылдауларыңызды сұраймыз. Сондықтан мәселені созбай, шұғыл түрде назарға алып, тиісті шаралар қабылдау қажет, — дейді тұрғындар.
Аталмыш үйде тұратын Айжан Әкімованың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда 10 пәтердің екеуі ғана бос. Қалған пәтерлерде адамдар тұрып жатыр.
— Өзім осы үйде 2022 жылдан бері тұрамын, кәмелетке толмаған бір ұл, бір қызым бар. Үш балалы тағы бір отбасы, жасы тоқсанға жуықтаған әжей тұрады. Сарай құлап жатыр, үйдің жағдайы да осындай, әбден тозған. Өткен жылы Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне құжаттарымызды тапсырдық. Апатты жағдайдағы үйді сүріп тастап, орнына жаңасы тезірек салынса дейміз. Онымен құрылыс салушылар жерімізді тарсына ма, кіріспей тұр. Әйтпесе мектеп, университет жақын, орналасқан жері қолайлы, — дейді А.Әкімова.
Орал қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша аталмыш екі қабатты үй 1929 жылы салынған, пәтерлер саны — 7. 2025 жылы ғимараттың техникалық жай-күйін тексеру нәтижесінде тұрғын үй апатты деп танылған. Тексеру жұмыстарын «Premium Group KZ» ЖШС атқарған.
— Аталған үй тұрғындары баспана мәселесін шешу үшін «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй кезегіне тіркелуі қажет. Сонымен қатар тұрғын үйді реновация бағдарламасы аясында жаңғырту мақсатында құрылыс ұйымын тарту бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Күні бүгінге дейін Орал қаласында 61 тұрғын үй апатты деп танылған, — делінген ресми жауапта.