Облыс әкімдігінде өңірдегі қысқы маусымның өту барысы талқыланған бас қосу өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов жүргізген жиында облыстық деңгейдегі жекелеген сала басшылары, басқа да лауазымды тұлғалар іс барысы жөнінде есеп берді, ұсыныс-пікірлерін айтты.
Ең әуелі сөз алған облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов науқан басынан бері өңірде аса бір күрделі оқиғалар болмағанын көрсете келіп, апатты ахуалды бақылаудың қалыпты екенін айтты. Облыс әкімі А.Көлгіновтың күзгі-қысқы ауа райының жағдайына байланысты өткен жылы берген нұсқауларына сәйкес, нақты іс-шаралар белгіленген жоспар бекітілді. Жүйелі түрде мониторинг жасалып отырылады. Ұтқыр топтар құрылған. Төтеншеліктер қытымыр қыстың кез келген дүлей мінезіне қарсы тұруға даяр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиевтің айтуынша, қазір түгелімен алғанда, елде ахуал қалыпты. Бүгінде Орал қаласының саяжай аумағындағы 40 тұрғын үйге газ құбырын тарту жөнінде мердігер мекемемен жұмыс жүргізілуде. Жалпы сол аумақта 150 тұрғын үй бар. Облыс аумағындағы 465 қазандық қалыпты жұмыс істейді. Соның 19-ы Орал қаласында. Халықты жылу, газ, су, электр және кәріз жүйесімен қамтуда айтарлықтай олқылық жоқ. Жекелеген технологиялық қиындықтар іс барысында шешілмек.
- Жайық өңіріндегі облыстық мәні бар көлік жолдары 1237 километрді құрайды. Жолдарда 12 жылыту орны бар. Маусымға арналып, 200 тонна тұз-құмды қоспа даярланған. Жағдай қалыпты, қандай табиғат сынына да даярмыз,-деді облыстық жолаушылар көлігі және көлік жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қазбек Меңеев. Осы жерде Арман Кәрімұлы Қ.Меңеевке күре жолдардан қашық, алыс елді мекендерге баратын жолдарды мезгілінде тазартып, қатынастың үзілмеуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Нұрмағамбетовтың хабарламасынан аңғарғанымыз, өңірде мал басы аман. Жаппай індет жоқ. Жемшөп қорымен облыс 168 пайызға қамтылған екен. Маусым басында қалың жауған қар мен сарышұнақ аяздар елді қинағанымен, қазір ахуал ойдағыдай. Ірі қара мен қой қолға қарап қалса, жылқы тебінде жүр. Рас, Қазталов ауданының Талдыапан, Талдықұдық және басқа елді мекендеріне қатынайтын жол нашарлау. Өңірдің барлық елді мекендеріне арналған азық-түлікке қаржы бөлінген. Ол біртіндеп игерілуде. Облыс әкімінің бірінші орынбасары алыс елді мекендерді азық-түлік және басқа да бірінші кезектегі тауармен қамтуды басты назарда ұстау қажеттігін атап көрсетті. Әсіресе, ол «Белес» агрофирмасымен келісіп, аудандарға 205 тонна астық жеткізу жөнінде ұсыныс жасады. Бұлардан басқа, отырыста Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевтің, «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» басқармасының төрағасы Қуат Мусиннің, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймырзиеваның хабарламалары тыңдалып, назарға алынды.-Уақыт қыс ортасына таяды. Әлі де қаңтардың жартысы, түгелімен ақпан және наурыздың ортасына дейін апат ықтималды уақыт бар. Осы кезеңде дүлей табиғаттың талай «еркелігін» көруіміз мүмкін. Сондықтан жайбарақаттыққа жол бермеу керек. Қашанда кез келген төтенше оқиғаны абыржымай, толық даярлықпен қарсы алып, ұйымшылдық танытайық. «Қамданған қапы қалмайды» сынды халық даналығы есімізде жүрсін!- деді сөз соңында Арман Кәрімұлы.
Кездесу аяғында А.Өтеғұлов осы айдың ортасында басталатын әкімдердің есеп беру жиындары жәйіне тоқталып, соған әзірлік барысы жайында айтып өтті. Саяси науқанға орай, тиесілі тұлғаларға тапсырма мен нұсқау берілді.
Серік Ізбасарұлы