Бүгін Батыс Қазақстан облысында 510 референдум комиссиясы, оның ішінде 14 аумақтық комиссия, 496 учаскелік комиссия жұмыс жасап жатыр. Конституциялық заң аясында қабылданған шешімдерге сәйкес, дауыс беру таңғы сағат 07.00-де басталды. Бұл туралы БҚО аумақтық референдум комиссиясы хабарлады.
2024 жылғы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша облыста республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың саны – 444 428 адамды құрайды.
– Облыс тұрғындарына референдумға қатысу үшін шақыру билеттері дайындалып, таратылды. Референдумның учаскелік комиссиялары барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дауыс беру кезінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін жағдай жасалған. Референдумның барлық учаскелері 1-қабатта орналасқан. Дауыс беру күні мүгедектігі бар адамдар үшін бұрыштамалар ұйымдастырылып, қажет болған жағдайда сурдоаудармашылар, инватакси қызметі жұмыс жасап жатыр, - деді №268 сайлау учаскесінің төрағасы Алтынгүл Қайырлиева.
Бүгін учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыс санауды, дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауды бастайды.