Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 20 науқас коронавирустан көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткендей, соның ішінде 11-і соңғы аптада қайтыс болған.
Соңғы кезде жансақтау бөлімшесінде жатқан науқастардың көбейгені байқалады.
Кешегі мәлімет бойынша олардың саны 22 болса, бүгін 27-ге жетті. Соның 25-і ауыр, екеуі аса ауыр халде.
Облыс бойынша 751 төсектік 14 инфекциялық стационарда 354 адам емделіп жатса, соның 330-ы Орал қаласындағы ауруханаларда.
Жыл басынан бері 8671 адам коронавирус жұқтырса, соның 4581-і – ауру белгісі бар науқастар.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, өңірде 268 154 адам (егілуге тиісті тұрғындардың 64,7 пайызы) вакцинаның бірінші, 251 440-ы (60,7 пайызы) екінші компонентін салдырды.
Сондай-ақ 48 804 адам ревакцинациядан өтті. Pfizer вакцинасымен 9 232 адам егілсе, соның 4 776-сы – жасөспірімдер, 326-сы – жүкті, 4 130-ы – емізетін сәбиі бар әйелдер.