Осыған дейін Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылғанын хабарлап едік.
Енді аталған ауданның орталығы Чапаев ауылында 320 орындық спорт кешені ашылды.
2020 жылы құрылысы басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің бірінші қабатында спорттың ойын түрлеріне арналған зал, ауыр атлетика бөлмесі мен бокс рингі, арбадағы мүгедектерге арналған орындар болса, екінші қабатында шешінетін және жуынатын орын, күрес залы мен дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайтын бөлме бар.
Ғимарат ауданы 2369,4 шаршы метрді құрайды. Спортшыға қажеттінің барлығымен жабдықталған нысан «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясы бөлген қаражатқа салынды.
Түрлі себептермен құрылысы ұзаққа созылған кешенді «NurKurylys Construction» ЖШС тұрғызды.
—Бұл спорттық нысанда халықтың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалып, ғимарат әр тұрғын үшін қолжетімді болады.
Осындай зәулім спорт кешен салу арқылы мемлекетіміз ауылдағы тұрғындарға қамқорлығы мен жанашырлығын көрсетті. Жаңа кешеннен «Жаңа Қазақстанның» чемпиондары шығатынына сенім мол, - деді шараға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Одан соң ауданның мәдениет, білім және спорт саласының дамуына үлес қосқан еңбек ардагері Бақтығали Қоспаев сөз алып, спорт кешені Жұбан елі жастарының биік белесті бағындыруына сеп болатынын айтса, ақын Сағынтай Бисенғалиев өлеңін арнады.
Ауыл спортын жаңа биікке шығарып, алыстағы елді мекен тұрғындарына спортпен шұғылдануға мүмкіндік берген дене шынықтыру сауықтыру кешенінің лентасын өңір басшысы Нариман Төреғалиев пен бокстан ҚР чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері Даниял Сәбит кесті.
Ашылуынан соң ғимарат ішін аралып, спортшылармен тілдескен өңір басшысы ауыл баладарына арнайы дайындалған сыйлықтарын табыстады.
Түгелбай Бисен,
Суретті түсірген Нұрбек Ихсан
zhaikpress.kz