26.10.2023, 11:30
Оқылды: 473

БҚО-да «Тайпақ» спорт кешені ашылды

Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған «100 дене шынықтыру-сауықтыру кешені» жобасын іске асыру мақсатында бой көтерген спорт нысаны «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясы есебінен бөлінген қаражатқа тұрғызылды.

жп спорт (1)

Соңғы үлгідегі технологиямен салынған ғимарат спорт зал, күрес залы, жаттығу залы, жуынатын және жайлы киім ілетін бөлмелерімен қамтылған. Енді ауылда қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо, волейбол, баскетбол, шағын футбол сынды спорт түрлері серпінді дами түсері сөзсіз. Одан бөлек кешен Тайпақта түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіп, қалың бұқараны спортқа тартуға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, тұрғындарға дене шынықтыру мен спортты қолжетімді етуге үлкен мүмкіндік береді.

жп спорт (6)

Ауыл болып күткен кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров, спортшылар, сала арлагерлері ауыл тұрғындары қатысты.

жп спорт (3)

Елімізге ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ерболат Байбатыров, грэпплингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионы Зайреден Мұхамбетжанов, қол күресінен ҚР спорт шебері, жастар арасында Әлем чемпионы Кенжеқыз Қаупенова, бокстан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Даниал Сәбит, қол күресінен Азия кубогінің жеңімпазы Ізбасар Нұрбол, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Болатбек Райымкулов, самбодан самбодан Әлем чемпионатының жүлдегері Бағдат Жарылғасов, самбодан жастар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Армат Қабдолов сынды спортшыларды сыйлаған Тайпақ топырағынан әлі талай мықты шығатынын айтқан өңір басшысы жиылған жұртты күні кеше тойланған «Республика күні» мерекесімен құттықтады.

жп спорт (5)

—Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында облыста 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілсе, бүгін су жаңа ғимарат Тайпақ ауылында ашылғалы тұр. Енді жас спортшылар осы спорт кешенінде жаттығып, кәсіби шеберліктерін шыңдап, әлемдік сайыстарда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, ел үмітін ақтайды деген сенімдеміз. Жаңа спорттық нысан ел атын мәшһүр еткен аға буын спортшылар салып кеткен сара жолды жалғар чемпиондар ұстаханасына айналсын, - деді кешен ашылуында облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Ауыл спортын дамытуға бағытталған нысан ашылуына атсалысқан «Қарашығанақ петролиум опирейтинг б.в» компаниясының әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Қайрат Бимағанбетов 20 жылдан астам уақыт облыс дамуына қаржы құйып келе жатқан компания болашақта да өңір дамуына қолдау көрсететінін жеткізді.

жп спорт (8)

Одан соң Тайпақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Боранбай Қыдырғожин сөз алып, жаңа спорттық кешен ауыл спортын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Салтанатты шарада дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізген мердігер «Жаиксельстрой» ЖШС директорының орынбасары Ерлан Өзбеков нысан кілтін «Ақжайық» - дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры Жаслан Күнбатыровқа табыстады.

жп спорт (2)

Ал ауыл спортын дамытуға сеп болар нысан лентасын облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен даңқты самбошы Ерболат Байбатыров кесті.

жп спорт (4)

 

Түгелбай Бисен,

Фотоға түсірген Нұрбек Ихсан және автор

zhaikpress.kz

жп спорт (4)

жп спорт (7)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале