Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов телеарна, басылымдар журналистері мен сала ардагерлерімен кездесіп, өңірдің медиа кеңістігін, БАҚ саласын дамытуға қосқан үлестерін ерекше атап өтті.
- Сіздер еліміздің құлағы мен көзісіздер. Өңіріміздің баспа тарихы өте тереңде жатыр. Жалпы қазақ даласындағы тұңғыш баспа тарихы да Ақжайық өңірінен басталады. Оған «Жайық Пресс» ЖШС медиахолдингінің жүргізген зерттеуі, жинаған тарихи құжаттары дәлел. Елді игі іске жұмылдырып, билік пен халық арасында алтын көпір болып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын қашанда жоғары бағалаймыз. Қиын-қыстау кезеңде, әсіресе пандемия уақытында барлық сала қызметкерлерімен бірелесе жұмыс жасап, ақпаратты уақытында жеткізіп отырдыңыздар. Еңбектеріңіз өлшеусіз, - деді Бақытжан Хаберұлы.
Кездесуде өңірдің бір топ журналисі марапатталды. Олардың арасында «Жайық Пресс» ұжымының қызметкерлері де бар. ҚР ішкі істер министрлігінің алғысхатымен «Орал өңірі» газетінің тілшісі Бауыржан Бисенов, ҚР индустрия және құрылымдық даму министрінің алғысхатымен «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлбаршын Әжігереева мен «Приуралье» газетінің тілшісі Светлана Аманова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алғысхатымен «Приуралье» газетінің тілшісі Евгения Максимова марапатталса, «Приуралье» газетінің тілшісі Жанна Балыкова «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін иеленді.
Ал Республикалық «Казахстанская правда» газетіне 100 жыл төсбелгісі ардагер журналист Людмила Коринаға берілді.
Марапатталғандар арасында республикалық «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі Еркін Карин, жергілікті «AQJAIYQ» пен «ТДК-42» телеарнасының тілшілері, «Мой город» пен «Время» газетінің журналистері бар.
Динара Насыр,
zhaikpress.kz