Батысқазақстандық оқушылар 25 наурыз күні Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен халықаралық турнирге қатысып, ментальды арифметиканың әртүрлі деңгейлерінен жүлдегер атанды.
Балалар қаладағы «SMARTUM» оқу орталығында қосымша білім алады, байқауда да осы орталықтың ықпалымен бақ сынады. Бүгін үздік атанған оқушыларды ата-аналары, бауырлары мен ұстаздары теміржол вокзалында күтіп алды.
– Жуырда Дубайда ментальды арифметикадан халықаралық турнир өтті. Онда әлемнің жеті елінен барған балалар бақ сынады. Біздің Орал қаласында орналасқан оқу орталықтарымыздан жарысқа 17 оқушы қатысты. Шәкірттеріміз үмітті ақтап, үздіктер қатарынан көрінді. Барлығы да әртүрлі деңгейде жүлдегер атанды. Оқушыларымыздың үздік атанып, еліміздің атын асқақтатқанына бек қуаныштымыз. Балалардың ата-аналарына, ұстаздарға, барлық үйретуші тренерлерге алғысымды айтқым келеді. Жеңісті күндеріміз көп болсын, - дейді «SMARTUM» оқу орталығының басшысы Сайёра Набидоллина.
Айта кетейік, Дубайда өткен жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам оқушы қатысса, соның он жетісі Батыс Қазақстан облысының атынан бақ сынады.
Гүлмира Сәрсенғали
Суреттерді түсірген автор
zhaikpress.kz