1.08.2024, 15:45
Оқылды: 243

Бауыржан Әренов – журналистердің үзеңгі жолдасы

4 тамыз – Көлік қызметкерлері күні

Біз Бәукеңді көптен білеміз. Қашан көрсеңіз де «темір тұлпарын» «сылап-сипап» жүргені. Журналистер алыс сапарға шыққанда үзеңгі жолдас болатын да осы Бәукең. Бүгінге дейін Ақ Жайық өңірінің ол бармаған түкпірі, кішкентай ауылы қалмаған шығар?!.

165AACEB-F3DF-4D0F-A9A4-62EEBA312578

Тілші ағайынды діттеген жеріне күндіз түгілі, жеті түнде де адаспай жеткізеді. Көлік қызметкерлері күніне орай «Жайық Пресс» медиахолдингінің көлік жүргізушісі әрі механигі, өзіміздің әріптесіміз Бауыржан Әренов туралы әңгімелемекпіз.

Оның бұл мекемеде жұмыс істеп жүргеніне биыл 11 жыл болған екен. Осы жылдар ішінде оның әркез уақытпен санаспайтыны әріптестеріне белгілі болып қалған. Ол көліктің «сырқатын» дыбысынан аңғарып, тәжірибесіне қарай «емін» де тез тауып алады. Бұл – екінің біріне берілмейтін қабілет.

Көліктің «ауру-сырқауы» жөнінде одан кеңес сұрайтындар да көп. Журналистердің жедел ба­руы керек жерлеріне үнемі «сәйгүл­гі ерттеулі» тұра­тын ол құстай ұшып жет­кізіп салады. Жұмысына үнемі жауапкершілікпен қарайтынына, дер кезінде уәделі орыннан табылатындығына жур­на­листер де әбден үйреніп алған.

«Жайық Пресс» ұжы­мындағы үлкендердің де «Бәукебай уәде еткен уақы­тынан ке­шігіп көрген емес. Тіпті ту­ра өзі айтқан минуттан не ерте, не кеш келмейді» деп риза көңілмен айтқандарын талай естідік және өзіміз де соған талай куә болып таңғалғанбыз. Кәсіби мерекесі қарсаңында Бауыржан Әренов әріптесімізді сөзге тартып көрдік.

Ол бұрынғы Жалпақтал, қазіргі Казталов ауданының Талдыапан ауы­лында 1978 жылы мамыр айының 23-і күні жарық дүниеге көрінген. 1995 жы­лы аталмыш ауылдағы мектепті тәмамдаған. Әкесі Сабыржан Әренов 25 жыл шопыр болған екен.

«Әкеге қарап ұл өсер» немесе «Әке көрген оқ жонар...» деген мақалдар да тегін айтылмаса керек. Бауыржан Әренов бала кезінен көлік жөндеп жатқан әкесін айналшықтап, кейде жұмсауға жарап қалғанына қуанатын болыпты. Өзінің 16 жаста көлік тіз­гіндеуге қызығушылы­ғы оянып, кейін әкесіне көлікке қатысты сауал қоюдан жалықпайтын боп, сөйтіп жүріп біраз дүниені меңгерген.

Айтуынша, 1999-2000 жылдар аралығында Орал қаласындағы сол кез­дегі А.Иманов атындағы №12 кәсіптік-техникалық ли­цейде оқып, дәнекерлеуші мамандығы­мен бірге жүргізуші куәлі­гін қатар алып шыққан. Яғни, оның негізгі мамандығы – дәне­керлеуші. Оқудан кейін төрт жылға жуық уақыт осы мамандық бойынша жұмыс та істеген.

Кейін үш жыл Орал қаласындағы бір аутосервисті жалға алып, сонда күні-түні еңбек еткен. Ал «Жайық Пресс» медиахолдингіне 2013 жы­лы жұмысқа келіпті. Ең алғаш көлікке отырғанда қорқыныш пен қобалжу болғанын да жасырмады ол. Алайда ықылас пен талаптың басым болғанын айтты.

– Әуелі көліктің бабына мән бергенді дұрыс көремін. Сенімді серігімдей боп кеткесін әр күні немесе күнара қарап, май-суын тексеріп тұрамын. Тіпті жанармайдың да сапасы көліктің жүрісіне әсер етеді. Сондықтан өз жауапкершілігімдегі мүлікке жүрдім-бардым қарай алмаймын. Жалпы  сал­ғырттықтан сақтанамын. Жұрт адамды жанындағы серігінен танитынындай, мен мінген кө­лікке берілген баға менің қандай екенімнен хабар беріп тұрады, – деді Ба­уыржан ағамыз күлімсіреп.

Иә, расында да оның кө­лігінің іші-сырты үнемі айнадай жалтырап тұра­ды. Мінген адам қалып­ты жүрісіне қарап, қауіпсіз­ді­гіне аса алаңдай қоймайды. Дегенмен, техника атаулының да кей кезде сенуге болмайтынын бір дәлелдеп қоятыны бар.

Әсіресе, ұзақ жолда «темір тұлпардың» «шалдығып» қалуы әбден мүмкін. Ондайда техниканың тілін түсінетіндер көп қинала қоймайтын шығар. Бауыржан Әренов те ұзақ жолға жұмыс сапары бойынша шығып тұрады. Алайда әлгіндей оқиғалардың жиі болмағанын айтады ол. Осыдан екі жылдай бұрын Бөкей ордасы ауданынан Орал қаласына бет алғанда жол бойы жүйткіп келе жатқан көлігі бір сәт­те өзінен өзі «болдырып» қалған. Жол бойындағы ерсілі-қарсылы өткен кө­лік­тердің бірі де тоқтамай, өзінің көлігі де сыбыссыз қалып, біраз әуреге салыпты. Содан екі жарым сағатта барамын деген жеріне бес сағатта әрең жетіпті.

Әкесі Сабыржан Әренов жасы жетпістен асса да, әлі күнге дейін көлік айдайды екен. Ал Бауыржан Әренов бүгінге дейін жеке жеті кө­лік алмастырған. Бүгінде қызметтік жол талғамайтын «Chevrolet Niva» көлігін тізгіндеп жүр.

Айта кетейік, ол 25 жасында шаңырақ көтерген.

Қазіргі таңда бір қыз, бір ұлдың әкесі. Жұбайы Гүлнұр Шоқатова біраз жылдан бері облыстық ауруханада лаборант болып қызмет істейді.

Тұңғыш перзенті 2003 жылғы қызы Саида – Астанадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде төртінші курс студенті. Ал ұлы Өркен – Оралдағы №20 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы. Өзінің айтуынша, бүгінде қызының көлікке деген қызығушылығы бар. Қанға тартпай тұра ма?..

Кәсіби мерекеңіз құт­ты болсын, журналистердің үзеңгі жолдасы өзіміздің Бауыржан ағай!

Аманжол Исламғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале