17 қараша – Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні
Елімізде жыл сайын қарашаның үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Осы кәсіби мереке қарсаңында елге танымал кәсіпорындардың бірі – Мұрат Жәкібаев басқаратын «Белес» компаниялар тобына жол түсті. Бізді компанияның өндіріс басшысы Сағира Атақбилева қарсы алып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстырды.
«Белес» компаниялар тобы бірнеше өндірістік құрылымнан тұрады. Олардың әрқайсысының міндеті бар: бидай егеді, жиналған өнімді өңдейді, түрлі өнім шығарады. Компания диқандары 30 000 гектарға егін егеді. Егін егуден бұрын топырақты өңдеу және дайындау (баптау), қайта өңдеу, өсімдікті қорғау, дұрыс пісіп-жетілуін қамтамасыз ету және өнімді жинау да солардың міндеті. Келесі бір топ шикізатты өңдеумен айналысады. Мәселен, Бәйтерек ауданына қарасты Белес ауылында ұн тартатын диірмен орналасқан. Ондағы «Buhler» швейцар-неміс фирмасының заманауи құрылғыларымен жабдықталған диірменде тәулігіне 150 тонна бидай тартылады. Бір мезгілде 35 000 тоннаға дейін бидай сақталады. Ал қайта өңдеумен айналысатын кешен – Пойма ауылындағы май комбинаты. Оның күніне 40 000 литрға дейін тазартылған және тазартылмаған күнбағыс майын өндіру мүмкіндігі бар. Бүгінде бұл өнімдер нарықта «Белес-Май» сауда маркасымен танымал. Мысалы, рафинадталмаған сұйық майды салаттар мен басқа да дайын тағамдарға қосуға болады. «Салқындатылған қысым» технологиясының әсерінен майда табиғи, биологиялық белсенді және пайдалы дәрумендер сақталған. Бұлар тағамға айрықша дәм береді. Ал қуырылған тағамдарды дайындауға, тұздықтар мен маринадтар үшін рафинадталған май пайдалырақ. Ол – «Физикалық тазартыру» жаңа технологиясымен өндірілген, экологиялық таза, табиғи күнбағыс майы. Сонымен қатар кәсіпорында хош иістендірілген сұйық майлар да бар. Оларда қызыл бұрыштың, насыбайгүлдің (базилик), мускат жаңғағының және сарымсақтың дәмі сақталған.
Ал компанияның Орал қаласында орналасқан диірменінің өндірістік қуаты тәулігіне 220 тонна бидай тартуға жетеді. Бұл диріменнің салынғанына ғасырдан астам уақыт өткен. Тарихқа көз жүгіртсек, 1896 жылы қаладағы атақты көпес Овченниковтың бастамасымен жаңа қоймалардың тұсынан жарма зауыты тұрғызылған. 1910 жылы өнеркәсіп иелері бидай тарту технологиясымен диірмен салғызған. Дәуір ауысып, әр жылдары меншік нысаны өзгергенмен, диірмен негізгі қызметінен жаңылған жоқ. Бүгінде диірменде 18 000 тонна ұн сақтауға болады. Отандық кәсіпорын «Экстра», жоғары, бірінші және екінші сортты ұн шығарады. «Белес» сауда белгісін иеленген ұн бір келілік қаптан бастап, 50 келілік қаптарға дейін салынған. Бүгінгі күні «Қазақстандық», «Классик», «Кеспелік», «Шаруа ұны», «Мерекелік» және «Экстра» деген ұн зауыт конвейерінен дүкен сөрелеріне жол тартуда. Олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі бар және әрқайсысы айрықша рецепт бойынша шығарылады. ISO 9001:2008, ISO 22000:2005 халықаралық стандарт нормалары енгізілген.
Өндіріс басшысы Сағира Атақбилева айтып өткендей, комбинатта италиялық «PAVAN S.p.A.» фирмасының технологиясы бойынша макарон өнімдері шығарылады. Сағатына 1000 тонна өнім дайындалады. Бүгінде қысқа макарон өнімдерінің 14 түрі шығарылады. Желтоқсан айынан бастап ұзын кесілген макарон өнімдері (спагетти, лапша) өндірілмекші. Осылайша алдағы жылы бұл өнімдердің өндіріс көлемі төрт есеге ұлғаюы тиіс.
– «Белес» компаниялар тобы 2005 жылы құрылды. Келесі жылы нарықта жүргеніне 20 жыл болады. Бүгінде мұнда 800-ден астам адам жұмыс істейді. Биыл өте қиын жыл болды. Егін шығымы нашар. Әрине, өнім бар, бірақ қайта өңдеуге қажетті талапқа сәйкес келіңкіремеді. Сондықтан қазір Солтүстік Қазақстан облысынан бидай, күнбағыс әкелудеміз. Алайда өнімді жеткізуде де қиыншылықтар туындауда. Логистикаға кететін шығын көп. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және жергілікті атқарушы құрылымдар мәселеге назар аударуда. Себебі бұл – жалпыға ортақ мәселе. Кәсіпорын әлеуметтік маңызы бар тауар өндіреді. Ал нан – ас атасы, бәріне қажет тағам.
Біз жергілікті жоғары оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Студенттер өндірістік тәжірибеден өтеді. Кәсіби бағдар беру бағытында жұмыс жүргіземіз. Себебі, біріншіден, зейнетке шығатын мамандардың орнына білікті жас мамандар қажет болады. Екіншіден, кәсіпорын дамып, қанат жайып келеді. Яғни жұмыс күші көбейеді деген сөз. Шыны керек, еліміздегі білім беру саласына, мамандар даярлауға қатысты айтылатын сын көп. Мәселен, өндіріске келетін кейбір мамандардың біз күткендей білімі болмайды. Сондықтан жұмыс істеуге ынтасы бар жастарды қайтадан оқытуға тырысамыз. Сосын жалпы ұжым үшін оқыту курстары, аттестация жүргізіледі, – деді өндіріс басшысы Сағира Николайқызы (суретте).
Айта кету керек, «Белестің» өнімдері негізінен Түркіменстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясына экспортталуда. Өткен 9 айда 20 000 тонна ұн шетел асқан. Бұл – өндірілген өнімнің 50%-ы деген сөз. Ал макарон өнімдерінің 30%-ы экспортқа шығарылған. Жалпы, шетелге жылына 1200 тонна шығару жоспарланған. Тазартылмаған сұйық майдың жоспарланған 4 000 тоннасы түгелдей шетел нары-
ғына жөнелтілген. Ал тазартылған өсімдік майының 30%-ы экспортталған. Жылдық жоспар – 70 000 литр.
Кәсіпорынға жеткізілген бидайдан бастап, дайындалған өнімнің бәрі зертханада тексеріледі. Бидайды қабылдайтын диірменнің, ұн мен қойманың жеке-жеке зертханалары бар. Реология зертханасының жөні бөлек. «Қазіргі тұтынушыларды тағамның стандартқа сай құрамы ғана қызықтырмайды. Олар ішіп-жейтін өнімнің сапасы жөнінде терең білгісі келеді. Реология зертханасында нан өнімдері әлдеқайда терең зерттеледі. Мұнда француздық құрылғылар іске қосылған. Сол үшін екі маманды Францияға жіберіп, арнайы оқыттық. Республикамызда өндірістік-техникалық зертханаларда біздегідей жабдықтар жоқ. Бидайдан алынатын ұнның сапасы, сорты, құрамы анықталады. Бұл, сәйкесінше, сапалы өнім шығару үшін маңызды. Бүгінде біздің ұнды шетелдіктер де жоғары бағалайды», – деп атап өтті өндіріс басшысы. Айта кету керек, зертханаларда жоғары білімді мамандар жұмыс істейді. Олар алдымен бидай зертханасында тәжірибе жинақтайды. Содан кейін ғана басқа бөлімдерде қызмет етеді. Себебі олар, ең алдымен, бидайдың қасиетімен жан-жақты танысуы тиіс.
Компания биылдан бастап нан мен нан өнімдерін өндіре бастаған. Өнімдері қаладағы бірнеше сауда орнында сатылуда. «Біз нан өнімдерін өндіруді тектен-тек қолға алмадық. Бидайды өзіміз өсіреміз. Ұнды да өндіреміз. Алайда ұнның өзін ғана сатумен айналысу тиімсіз. Сондықтан қолдағы өнімдерді терең өңдеуге ден қойдық. Алдағы уақытта кондитерлік өнімдерді де дайындауды ойластырудамыз. Жалпы мақсат та, жоспар да көп», – деді Сағира Николайқызы. Ол мемлекеттің қолдауынсыз бизнес жүргізу мүмкін емес дейді. Мәселен, «белестіктер» «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және Halyk Bank арқылы жеңілдетілген несие алып, құрал-жабдықтар сатып алуда. Қазір құрылысы жүріп жатқан ғимаратта фирмалық дүкен ашу жоспарда бар.
– Реология зертханасында бидайдан қандай сападағы ұн шығатынын анықтаймыз. Мұнда SD matic құрылғысы арқылы бидайдың құрамындағы крахмал мөлшерін тексереміз. Ал Mixolab-пен ұнның су сіңіру қасиеті анықталады, яғни сапасы белгілі болады. Содан кейін AlveoPC құрылғысымен ұннан қандай өнім дайындалатыны, яғни қамырдың созылғыштық, серпімділік секілді қасиеттері зерттеледі. Мысалы, жоғары сортты ұннан пісірілетін нанның сапасын отыз минуттың ішінде анықтауға болады. Осындай жан-жақты зерттеуден өткен бидай ғана үлкен диірменге жіберіледі. Өзім бұл компанияда алты жылдан бері жұмыс істеймін. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ды бітіргеннен кейін мамандығым бойынша орналастым. Алғашында бидай зертханасында жұмыс істедім. Қызметім де, ұжымым да ұнайды, – деді реология зертханасының зертханашысы Айсәуле Төлеуішева (суретте).
– Наубайханада күніне 7000 данадан астам нан және нан өнімдерін өндіруге болады. Қазіргі таңда өнімнің 45-ке жуық түрі бар. Жоғары және бірінші, екінші сортты нандар, түрлі бөлке пісіріледі. Басты ерекшелігіміз – өзіміздің ұн мен майды қолданамыз. Бағалары да нарықтағы бағаларға қарағанда төменірек. Мысалы, нан бағасы 150-175 теңге аралығында. Наубайхана жұмысшылары екі ауысыммен жұмыс істейді, – деді наубайхана меңгерушісі Нұрғазы Самиғоллаев (суретте).
Қанатын кеңге жайған «Белес» компаниялар тобы мұқтаж жандарға, көмек сұраған азаматтар мен мекемелерге жарияға жар салмай-ақ қолдау көрсетіп келеді. Ал кәсіпорында еңбек етіп жүрген 800 жұмысшыға үш ай сайын өздері өндірген өнімдердің белгілі бір мөлшерін тегін береді. Кәсіпорыннан зейнетке шыққан 100-ден астам ардагерді де назардан тыс қалдырған емес. Жыл соңында үздік жұмысшыларға ақшалай сыйақы немесе шипажайға жолдама беру арқылы қолдау көрсетеді. Әр жылдары түрлі байқауға қатысып, жүлде алып, жеңімпаз боп жүрген компания ұжымы әлі талай биік белесті бағындыратынына сенімді.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»