Орал қаласындағы көшелерде медицина қызметкерлерінің суреті бейнеленген бильбордтар ілінеді.

«Postman PR» ЖШС басшысы Ернар Досмұхамбетовтің сөзінше, бұл шара қауіпті дертпен күресіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегіне деген құрмет, қызметіне қолдау болмақ.
– Әр өңірде азаматтар, кәсіпкерлер мен түрлі қайырымдық қорлар індетке қарсы күресуге өз үлестерін қосуда. Біздің де игі істен шет қалғымыз келмеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен, Орал қаласы әкімдігімен және ішкі саясат бөлімімен бірлесіп, шаһардағы көрнікті жерлерге медицина қызметкерлерінің суретін ілуді жөн көрдік. Медмамандардың тізімін әкімдік ұсынып отыр. Індетке шалдыққан жандарды емдеп, қауіпті дертке қарсы тұрған дәрігерлерге осылайша қолдау білдіріп, оларды көпшілікке танытуды мақсат еттік. Медқызметкерлердің қажырлы еңбегін бағалап, насихаттаймыз. Біздің бұл ісімізді өзге жарнама агенттіктері, жомарт жандар жалғастырады деп ойлаймын. Сонымен бірге тұрғындарды үйден шықпауға, санитарлық талаптарды сақтауға шақырамыз, – деді жарнама агенттігінің басшысы Ернар Досмұхамбетов.
Әзірше қалалық көпбейінді аурухана директоры Арман Калибековтың, терапевттер Алтынбек Қаржаубаев пен Ақсәуле Алтайқызының суреттері дайындалуда. Жарнама агенттігі бұған дейін 100 дана жеке қорғаныш құралын (тұмша) жасап, қаладағы медициналық мекемелерге тегін таратып берген.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz