Республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша Орал қаласы командасы көш басындағы орнын сақтап қалды. Қала мектептерінен облыстық кезеңге жолдамамен қатысқан 77 оқушының 53-і жүлдегер атанып, сегізі алғысхатқа ие болды.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі 24-30 наурыз аралығында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 8 пән және жаратылыстану-математика бағытындағы 6 пән бойынша өтті.
Оған жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептерден 540 оқушы қатысқан. Олардың 77-сі – Орал қаласы мектептерінің оқушылары.
Өңір оқушыларының білім деңгейі сыналған додада қала мектептерінен 9 оқушы – бірінші, 25 оқушы – екінші, 19 оқушы – үшінші орынға ие болса, 8 оқушы – алғысхатқа ие болды.
Нәтижесінде командалық рейтинг бойынша І орынды Орал қаласының құрама командасы, ІІ орынды дарынды балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-лицей-интернаты, ІІІ орынды дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты иеленіп, кубок және дипломмен марапатталды.
Орал қаласы командасы өткен жылы да көш басында болғанын атап өту керек. Былтыр 9-11 сыныптардан олимпиаданың облыстық кезеңіне 86 оқушы қатысып, 48-і жүлделі орындарды қанжығалады. Сондай-ақ 5-6 сынып оқушылары арасындағы олимпиада бойынша өткен жылы облыстық кезеңге 12 оқушы қатысып, 10-ы жүлдегер атанса, Республикалық кезеңге жолданған төрт оқушы да жүлделі орындарды иеленді. Биыл 5-6 сыныптар арасындағы оқушылар олимпиадасының облыстық кезеңіне 16 оқушы жолданып, барлығы да жүлдегерлер қатарынан табылды, ал Республикалық кезеңіне қатысқан жеті оқушының алтауы жүлдегер атанды.