Облыс әкімдігінде Елбасының «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған облыс активінің жиыны өтті.
«ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы рухани сілкініске жол сілтеуші бағдар болды. Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін өзі тануға ұмтылуы – заңдылық. Бұл құжат – өткенмен сабақтаса жаңашылдыққа бастайтын жол. Елбасы жаңа ғасырдағы ұлттық санамызды жаңғыртудағы бірнеше бағыттарды атап өтті. Онда бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, еліміздің революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы сөз етілді. Сонымен қатар сананың жаңаруы жолында таяу жылдардағы негізгі міндеттерге тоқталды», - деп атап көрсетті Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар өңір басшысы Елбасы мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын және «Туған жер» бағдарламасын қолға алу, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» және «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларын іске асыру секілді нақты тапсырмалар берілгеніне тоқталды.
-Елбасы модернизация ұлттық санадан, яғни өзімізден басталу керектігін айқындады. Рухани жаңғыру, заманауи сананы қалыптастыру және озық білімді игеру арқылы ғана инновациялық, технологиялық, экономикалық модернизацияға қол жеткіземіз. Жарқын болашағымыз, ұлт ертеңі интеллектуалды әлеуетпен тікелей байланысты. Ал оның діңгегі – білім. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап өтті Елбасы.
«Ұлтқа қызмет ету тек білімнен емес, мінезден» деп тура бір ғасыр бұрын Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов айтқандай, Мемлекет басшысы ұлттық рух мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл – ұлттық сана-сезім мен болмысты жаңғырту, көкжиегін кеңейту. Білім мен ұлттық рух ұштаса келе модернизацияны жеделдетеді, - деді облыс әкімі.
Автив жиынында облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Мәлік Құлшар, еңбек ардагері Шолпан Қыдырниязова, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, «Грамада» Белорус этно-мәдени орталығының мүшесі Анастасия Сафина Елбасының бағдарламалық мақаласына байланысты өз ой-пікірлерін білдіріп, мақалада айтылған мәселелерді қолдайтындарын жеткізді.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
zhaikpress.kz