Биыл жоғары топтан шығып қалса да, ел кубогі жолындағы додада соңына дейін барған «Ақжайық» көп жанкүйерге еліміздің басты футбол аренасында өтетін финалдық ойынды тамашалайтын мүмкіндік сыйлады.
Финалдан бірнеше күн бұрын келгендіктен, «Астана Арена» ішін аралап, елордалық жанкүйерлер де кубок финалын асыға күтіп жүргенін байқадық. Әр аялдама жанында, сауда орталықтарында көпшілікті ойынға шақырған хабарландырулар ілініп тұрды. Жергілікті такси жүргізушілері де көлігіне мініп, өзімізге ғана тән «незат» сөзін естігенде финалға келдіңдер ме деген сауалдарын қойып, жеңіс тілеп жатты. Жалпы Астана ішін аралап жүріп үлкен футбол мерекесінің елесі қаланы аралағандай әсер алдық.
Көп ұзамай елордадағы батыстық қыз-жігіттермен кездесудің сәті түсті. Туған жерінің командасы келіп жатқанын естіген олар кубок финалында «Ақжайықты» қолдауға әзір екенін жеткізді. Матчтан бір күн бұрын қос финалист команданың бапкерлері мен ойыншылары баспасөз мәслихатын өткізіп, дайындықтары жайында сөз қозғады. Аталмыш мәслихатта «Ақжайық» капитаны Бауыржан Омаров оралдық клубтың әр мүшесі соңына дейін айқасуға дайын екенін айтса, бапкер Игорь Пикущак «Ақжайық» кубок жеңуге қауқарлы ұжым екенін жеткізді.
Осылайша қарашаның 12-сі болды. Астанадағы оралдықтар белгіленген жерге жиналып, «Ақжайықтың» артында да тілеуін тілеп, команда үшін тақымын қысар ел барын көрсету үшін стадионға дейін қиқуға қиқу қосып, әдемі қолдауын танытты. Оларға Оралдан арнайы финал көріп, сүйікті футболшыларын қолдауға келгендер қосылды.
Матч басталмай жатып стадион ішін қос клуб жанкүйері думанға бөледі. «Ордабасы»жанкүйерлері «Ақжайық» қақпасының артына,«Ақжайық» тілеуін тілегендер шымкенттік команданың қақпасының артына жиналып, сүйікті ұжымына рух берумен болды. Бір кезде шымкенттік фанаттар қолына ел кубогін ұстаған бала бейнеленген баннер жайып жіберіп, өз командасының тек жеңіс үшін келгенін көрсетсе, Ақжайық жанкүйерлері «Сүйе алмас сені мендей ешкім» деген жазуы бар баннерді іліп, сүйікті командасына деген махаббатын көрсетті. Десе де саны басым шымкенттік фанаттардың қиқуы Орал командасын қолдай келген қыз-жігіттердің айқайын басып кетіп жатты.
Ойынның алтыншы минутында оралдықтар елорда аспанын тесіп кетердей шу етті. Өйткені дәл осы сәтте Завен Бадоян есеп ашып, «Ақжайықты» алға шығарды. Көп ұзамай Тома Табатадзе шымкенттік жанкүйерлерді тағы бір тыныштандырып, «Ақжайықты» қолдап келген жандарды желпіндіріп, есепті екі де нөл етті. Осыдан соң рухтанған оралдықтар «Атамекен» әнін шырқай жөнелді. Оған «Ордабасы» жанкүйерлері де қосылып, екі клуб тілеулестері патриоттықтың тамаша үлгісін көрсетті. Осы арқылы жанкүйерлер клубымыз қарсылас болса да, отанымыз бір, атамекен жалғыз екенін көрсеткендей болды. Мұндай жағдай матч барысында бірнеше рет қайталанды. Былайғы уақытта қарсы топ мүшесін түтіп жеуге әзір көрінген жанкүйер қауымның дәл осы ән басталған шақта бірін-бірі қолдап, әнін жалғап жатқаны ерекше әсер қалдырды.
Әдемі қолдаудан рух алған футболшылар қызықты ойын көрсетіп бақты. Жеңіп жатқан «Ақжайық» қорғаныста жатпайтынын білдірсе, он бес минутқа жетпейтін уақыт ішінде екі гол өткізіп алған «Ордабасы» да өліспей беріспейтінін көрсетті. Осылайша шабуылын түзеп алған шымкенттік команда 26-шы минутта Самат Шәмшінің көмегімен есеп айырмасын қысқартты.
Екінші таймды шымкенттік ұжым ширақ бастады. Олардың бұл ұмтылысы өз нәтижесін беріп, 51-минутта Всеволод Садовский есепті екі де екі етті.
Шыны керек, есеп теңескен сәтте көп адам «Ақжайықтың» ертегісі осымен бітті,«Ордабасының» жас ойыншылары сағы сынған оралдықтарды таптап өтеді» деген пікірлерін айып жатты. Солай болуы әбден мүмкін еді. Өйткені Максим Каленчук пен орталық қорғаушы Сергей Шустиков көп қателесе бастады. Олардың орнына кірген Амир Билали мен жас ойыншы Батыр Мұқашев «Ақжайық» ойынына жан бітірді. Әсіресе жергілікті футбол мектебінің түлегі 19 жасар Батыр Мұқашевтің қимылы ширақ болды. Бірнеше мәрте қарсылас аяғындағы допты тартып алып, жаңа шабуыл бастаған Батыр әдемі соққысымен «Ордабасы» қақпашысы Бекхан Шайзаданың ащы терін алып, біраз шымкенттіктің жүрегін дір еткізді.
Өгіздей легионерлер шынашақтай Батырдың батылдығынан рухтанды ма әлде жас баланың жанқиярлығынан күш алды ма, әйтеуір намысқа тырысты. Осылайша ойынның 68-минутында оң қапталдан келген пасты Тома Табатадзе голға айналдырып, командасын тағы алға шығарса, көп ұзамай Илья Коваленко есепті 4:2 етті. Ойынның бітуіне әлі 20 минуттан сәл көп уақыт бар еді. Осы аралықта Тома Табатадзе жарақат алып, оның орнына Артур Газданов кірсе, Лука Имнадзені Оралхан Өміртаев алмастырған-ды. Бірақ соңғысының ойыны мүлде жүрмеді. Бір емес, екі мәрте қақпашымен бірге-бір шығуға ұмтылған Оралхан екеуінде де «Ордабасы» қорғаушыларының жемтігіне айналды. Негізінен жастардан құралған «Ордабасы» расымен де өліспей беріспейтін ұжым екен. Матчтың 76-минутында Максим Федин есепті 4:3 етті. Десе де шымкенттік ұжымның есепті теңестіріп, ойынды экстра таймға созатынына көп адам сене қоймады.
Сексенінші минут түгесе келгенде «Ақжайыққа» қарсы «Ордабасы» ғана емес, төреші де ойнай бастағандай болды. Өте ширақ, ешқандай тоқтаусыз өткен ойынның негізгі уақытына төреші Артем Кучин жеті минут қосты. «VAR» қарап бірнеше рет тоқтаған бірінші таймға үш минут қоса алмаған Кучин екінші таймда уақытқа мырзалық танытқаны біраз жанның күмәнін тудырды. Осы кезде доптан жиі айырылып, әбден шаршаған «Ақжайық» командасы жеті минут қосылған ойынның сегізінші минутында гол өткізіп алды. Есепті 4:4-ке Луис Гедеш атты шымкенттік ойыншы жеткізді.
Экстра тайм. Төрешінің бүйрегі басқа жаққа бұрылып тұрғанын сезген оралдық ойыншылар қосымша таймның бірінші бөлігін ереже бұзбай өткізді. Ал екінші экстра тайм бітуіне екі-ақ минут қалғанда Артем Кучин өзін төреші емес, үкім шығарушы ретінде сезініп кетсе керек, «Ақжайық» қақпасына пенальти қойды. Ал ондай мүмкіндікті «Ордабасының» көшбасшысы Эльхан Астанов мүлт жібермейді. Бұл жолы да солай болды. Есеп 4:5. «Ордабасы» 2022 жылғы ел кубогінің иегері.
Матч соңында «Ақжайық» ойыншыларының жүзіне қарау мүмкін емес болды. Петрос Аветисян шарасыздықтан көзіне жас алды. Қолдай келген жанкүйер алдына ең алғаш болып Оралхан Өміртаев, Бауыржан Омаров, Руслан Хаиров барды. Көп ұзамай команданың басқа да мүшелері жиылып, бас иіп тұрып ризашылықтарын білдірді. Жанкүйерлер арасында да эмоцияға ерік беріп, көз майын сығып жатқандар кездесті. Төрешіні «жылы-жылы» сөзбен түйреп, қазақтың бейәдеп лексикасынан сыбаға үлестіргендер де болды. Сонда да ешкім ойыншыларға кінә артпады.
«Ақжайық» марапаттау рәсіміне қатысудан бас тартып, киім ауыстыру бөлмесіне кіріп кеткенімен, көп ұзамай көпшілік алдына шықты. Қызықты ойын көрсетіп, жеңіске деген жігер танытқан оралдың оғландарына шымкенттік команда мүшелері қос қолдап қол соғып, әдемі дәлізбен өткізді.
Ойын соңында Амир Билалимен тілдесудің сәті түсті. Ол жеті минут қосып, одан асыра ойнатқан төрешіге деген назын білдірді.
Матчтан соң Оралдан ат терлетіп ел кубогінің финалын тамашалауға арнайы келген Абай Әжіғалиевті сөзге тартудың сәті түсті. Ол Бәйтерек ауданына қарасты Чувашка елді мекенінде тұрады екен. Сөзінше, матч тамашалауға досы Василий Бирюковпен бірге келіпті. Ал Астанада оларға тағы бір ауылдасы Карина Веденецкая қосылыпты.
– «Ақжайық» өте керемет ойын көрсетті. Оралдан арнайы келгенім үшін еш өкінбеймін. Тамаша эмоция сыйлаған футболшыларға үлкен алғыс білдіргім келеді. Кубок иегері атануға бірнеше секундтардың жетпей қалғаны өзегімізді өртеп барады. Ойыннан соң команда алдымызға келіп, рахметтерін айтып жатты. Ол да ерекше әсер етті. Тек төрешінің түсініксіз екі шешімі керемет ойынның сәнін кетіргендей болды, - дейді жанкүйер Абай Әжіғалиев.
Оралдан келген жанкүйер арасында Нұралы Мұратбаев та болды. Оның отбасы түгел «Ақжайық» жанкүйері екен. Тарихи матчқа Нұралының ұлы мен жұбайы да келіпті.
– «Ақжайық» – туған жеріміздің намысын қорғап жүрген клуб. Сол себепті оған жанкүйерлік етеміз. Финалдық ойынға отбасымды алып келдім. Ойын басынан соңына дейін тік тұрып жанкүйерлік еттік. Матч көңілімізден шықты. Кейде жеңілістің өзі тәтті болады. Дәл бүгінгідей мінез көрсеткені үшін футболшыларға рахметтен басқа ештеңе айта алмаймыз. Біз үшін, біздің отбасы үшін, әсіресе, кішкентай ұлым үшін біздің жігіттер – нағыз батыр, - деді Нұралы Мұратбаев.
Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Игорь Пикущак мұндай ойыннан соң жөнді сөз тауып айту қиынның қиыны екенін айтты.
– Менің ойыншыларым алаңда шын батырларша айқасты. Бүгінгі матчта менің шәкірттерім мінезді де, әдемі комбинацияны да көрсете алды. «Ақжайық» жеңіске әбден лайық болды. Жігіттерге айтар ешқандай өкпем жоқ. Матчтың видеосын әлі қарап үлгермедім, бірақ біздің қақпаға енген бір гол оффсайдтан салынды деген ойдамын, - деді Игорь Пикущак.
Тілшілер команда бапкерінен ойын төрешісінің жұмысын қалай бағалайтынын да білгісі келді. Ол сауалға қысқа да нұсқа жауап қатқан «Ақжайық» бапкері Игорь Пикущак «Әлі де біліктілік аз» деді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz