26.07.2017, 11:22
Оқылды: 45

Биыл қаланың 67 көшесінде 72 шақырым жол жөнделмек

remont dorogБұл туралы «Қазақстан-Орал» телеарнасының ғимаратында БҚО өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Облыстағы көлік жолдарының құрылысы және жөндеу жұмыстары» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.


Орал қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиевтің айтуынша, қала жолдарының ұзындығы қазіргі таңда 582,3 шақырымды (км) құрайды. Осы жолдың 288,43 шақырымы немесе 49,5 пайызы асфальтталған. Қазіргі уақытта асфальтты жолдардың 50 пайыздан астамының жағдайы сын көтермейді. Жыл өткен сайын ескіріп бара жатқан жолдар жөндеуді аса қажет етіп тұр.

-Қаладағы кетеуі кеткен жолдарды жөндеу үшін биыл барлық қаржы көздерінен 8,1 млрд. теңге бөлінді. Осы қаражатқа биыл қаланың 67 көшесіндегі 72 шақырым жолды жөндеуді көздеп отырмыз. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда үш есеге көп қаржы, сондықтан, биылғы атқарылатын жұмыс ауқымы да бұрынғы жылдармен салыстырғанда едәуір көп болмақ. Бүгінгі таңда алғашқы жартыжылдықта жоспарланған 67 көшенің төртеуі жөнделді. Төрт көшенің біреуі ҚПО б.в. компаниясы және үшеуі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылды. Тағы екі көшеде жөндеу жұмысы аяқталуда, 48 көшеде жөндеу жұмысы жүріп жатыр. 13 көшеде тендерлік процедуралардың жүруіне байланысты жөндеу жұмыс әлі басталған жоқ. Биыл ҚПО б.в. компаниясының есебінен қаланың бірқатар бөлігінде автомобиль жолдарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, -деген Қайрат Қуанышқалиұлы қаладағы жөндеуден өтіп жатқан жолдардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.

Оның сөзінше, биыл қала көшелерін ағымдағы жөндеуге 400,0 млн. теңге бөлінген. Осы қаражатқа қаланың 80 көшесінде жалпы көлемі 42 000 шаршы метр аумақта жөндеу жұмысы жүргізілмек. Сондай-ақ 5,7 шақырым тротуар құрылып, «Нефтебаза» аумағындағы жол жөнделмек және басқа да жоспарлы жұмыстар атқарылмақ.

Жиын соңында журналистер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, бұған мамандар тиісті жауаптарын берді.

Айша ӨТЕБӘЛІ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале