Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 2021-2022 оқу жылындағы түлектеріне диплом табыстау рәсімі басталды.
Бүгін университеттің «Индустриалды-технологиялық институтын» тәмамдаған түлектерге дипломдары салтанатты түрде табысталды.
Кәсіби білім алып, үлкен өмірге қадам басқан жастар мен олардың ата-аналарын құттықтаған университеттің оқу жұмыстары жөніндегі проректоры Нұркен Губашев:
– Құрметті университет түлектері! Бүгін сіздердің өмір парақтарыңыздың жаңа беті ашылған күн десек те болады. Сіздерді осы қуанышты сәттеріңізбен университет басшылығы мен профессор-оқытушылар атынан шын жүректен құттықтаймын. Төрт жыл бойы университет қабырғасында білім алып, қызықты да ұмытылмас кездерді бастан өткердіңіздер. Әсіресе, студенттік жылдарыңыз пандемия кезіндегі қиындықтармен тұспа-тұс келді. Осындай қиын кездердің өзін еңсере отырып, енді бүгін қолдарыңызға дипломдарыңызды алғалы тұрсыздар. Алдағы өмір жолдарыңызда барлығы сәтті болып, білікті маман иесі атануларыңызға тілектеспін, – деді.
Индустриалды-технологиялық институты директорының орынбасары Әлия Уразова шәкірттерінің биік белестерден көрініп, Жәңгір хан университетінің мәртебесін асқақтатарына сенім білдірді.
Салтанатты шара барысында институт түлектеріне дипломдары салтанатты түрде табысталып, ұстаздары ақ тілектерін арнады. Сонымен қатар оқумен бірге қоғамдық жұмыстарға атсалысып, белсенділік танытқан білім алушылар арнайы марапатталды. Жан-жақты қырларымен танылған түлектерге «Біліктілікті арттыру куәліктері», Индустриалды-технологиялық институты директорының құттықтау хаттары табысталды. Институт белсенділерінің қатарында «Рух» пікірталас орталығының көшбасшысы Мәди Сағынов, «Ерке-нұр» би ансамблінің жетекшісі Регина Жиеналиева, «Еурополис» жайдарман клубының капитаны Ескендір Сержанұлы бар.
Жалпы биыл Индустриалды-технологиялық институтын барлығы 305 түлек тәмамдаса, соның 64-і үздік білім көрсеткішін көрсетті. Институт бітірушілер «Мұнай-газ ісі», «Технологиялық машиналар мен жабдықтар», «Машина жасау», «Құрылыс», «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырымдарын өндіру», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», «Аспап жасау» мамандықтары бойынша білім алып шықты.
БҚАТУ медиа орталығы