БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің «Collaprime Oy» компаниясының бас директоры Тони Линдквистпен (Финляндия) кездесуі барысында ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды облыс əкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, кәсіптік білім беруде оқыту модульдерін енгізу, 3D цифрлық жобалау саласындағы мамандарды даярлау, сондай-ақ, BIM-технологиялар, 3D-модельдеу саласында фин тәжірибесімен алмасу туралы келісімге қол жеткізілді.
«Collaprime» халықаралық сыйлықтардың иегері және 2016 жылы BIM-технологиялары бойынша (зияткерлік 3D-модельдер пайдалану негізінде ғимараттарды ақпараттық модельдеу) Финляндияның ең үздік компаниясы болып табылады.
Архитектуралық бөлшектерді, инженерлік жүйелерді және құрылыс конструкцияларын жобалау бойынша мамандар осы технологияларды ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарын жоспарлау, жобалау, салу және пайдалану кезінде тиімді қолдана алады.
«Финляндияның BIM-технологияларды толыққанды пайдалану кезеңі 30 жылға созылса, Қазақстан 3 жылдың ішінде, яғни 2020 жылы өтуді жоспарлап отыр. Біздің өзара әріптестігіміз Қазақстанның әр салаларына BIM-технологияларды сәтті енуіне үлесін қосады», - деп атап өтті Тони Линдквист.
zhaikpress.kz