Облыс әкімдігінің «Ақжайық» залында облыс әкімі Алтай Көлгінов Индонезияның Джакарта қаласында өткен ХҮІІІ жазғы Азиада ойындарынан оралған оралдық спортшылар Алексей Дергунов, Андрей Ергучев, Павел Липилинді қабылдады.
Облыс әкімі дүбірлі додада еліміздің намысын абыроймен қорғаған спортшыларды жеңістерімен құттықтап, емен-жарқын әңгімелесті. Алтай Сейдірұлы 35 елдің арасында қазақстандықтардың тоғызыншы орынға табан тірегенін атап өтті.
«Азиадада 15 алтын, 17 күміс, 44 қола медальға қол жеткіздік. Соның ішінде батысқазақстандық байдаркашылар қоржынға екі алтын, бір күміс медаль салды. Жетістіктеріңіз үшін алғыс айтамыз. Мұның барлығы күн сайынғы жаттығудың, ерен еңбектің және биік рухтың арқасында мүмкін болды», - деді А. Көлгінов.
Спортшылар мемлекет тарапынан спортты дамытуға көңіл аударылып, облыста спортпен айналысуға барлық жағдай жасалып отырғанына ризашылықтарын білдірді.
Облыс әкімі Елбасының бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөліп отырғанын айта келе, алдағы уақытта да спортты дамытуға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Спортшыларға алдағы уақытта да жетістіктерге жете берулеріне тілектестігін білдіріп, Алғысхаттар табыстады.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Zhaikpress.kz