29.01.2024, 12:00
Оқылды: 266

БҚО ақындары командасына «Асыл домбыра» салтанатты түрде табысталды

Осыған дейін Оралда «Мұхиттың мұрагерлері» концерті өткенін хабарладық. Шара соңында «Хабар» арнасы мен «Assyltas» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Асыл домбыра - 2023» тележобасында 20 команданың арасынан оза шауып, бас бәйгені жеңіп алған БҚО ақындар командасына «Асыл домбыра» салтанатты түрде табысталды.

асыл домбыра 2023 (6)

– Қазақ музыкасының, қазақ ән өнерінің тірі энциклопедиясын көріп, жанымыз жай тауып, рахатқа батып отырмыз. Таза, табиғи дауыспен өткен осындай концерттерді түсіріп алып, халыққа көрсету керек. Бұл бір Оралдың ғана маңдайына сыймайтын ғажап өнер емес пе? Осы қыстың көзі қырауда таяғыма сүйеніп келіп отырған екінші себебім «Асыл домбыраны» табыстау. Былтыр ұйымдастырылған дүбірлі додада 20 облыстың арасынан Батыс Қазақстан ақындары топ жарып, бас бәйгені жеңіп алған еді. Осыған орай, біз Ақжайық елінен сүйінші сұрай келдік. Орал секілді еңсесі биік, рухы асқақ елдің ақындары ғана осылай топ жара алады. Жайықтың Жансаясын кім жақсы көрмейді? Алтын домбыра мен асыл домбыраны қатар алған елімізде ақын жоқ. Бұл өнердің сан түрлі тұлғасын түлеткен Орал. Осы бақтарың бастарыңнан таймасын! - деп ақ батасын берді Жүрсін Ерман.

асыл домбыра 2023 (1)

Әсерлі кештің құрметті қонақтары, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, «Хабар агенттігі» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, «Assyltas» қоғамдық қорының төрағасы, меценат Дулат Тастекей «Асыл домбыраны» облыс әкімі Нариман Төреғалиевке табыстады.

асыл домбыра 2023 (2)

Өз кезегінде өңір басшысы асыл домбыраны елдің мерейін үстем еткен Жансая Мусина, Мұрадым Мирланов, Бауыржан Ширмединұлына ұсынып, ел мерейін асырған өнерпаздарды алғысхатпен марапаттады.

асыл домбыра 2023 (3)

 «Хабар агенттігі» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев талантты әншілердің өнерін еліміздің бас қалаларында да дәріптеу қажеттігін айтты.

асыл домбыра 2023 (5)

Ал облыс әкімі Нариман Төреғалиев ел алдында осы концерттің Астана, Алматы қалаларында өтуіне қолдау көрсететінін айтты.

асыл домбыра 2023 (4)

– Бүгін ерекше концертті тамашаладық. «Асыл мұра» жобасының бас бәйгесін жеңіп алған ақындарымызға мың алғыс. Алатаудың төрінен келіп, бізге «Асыл домбыраны» табыстаған қазақ айтысының қара нары Жүрсін Ерман бастаған қонақтарымызға ел-жұрттың атынан ризашылығымызды білдіріемін.  «Мұхиттың мқұрагерлері» жобасы ерекше жоба. Әр әннен соң, әннің шығу тарихы айтылғаны қандай керемет! Мәдениет пен өнерді бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Бұл біздің салт-дәстүріміз, тарихымыз мәдениетіміз. Жастарымыз осындай концерттерге келіп, ұлттық құндылықтарымызды білуі тиіс. Біз өз тарапымыздан осы концертті Алматы, Астана қалаларында көрсетуге мұрындық боламыз,  – деді облыс әкімі.

Гүлжамал Жолдығали,

Фотоға түсірген: Мәди Салық және «Атамекен» өнер ордасының

баспасөз қызметінен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале