Бүгін Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттеріне жаңа тоғыз қабатты 500 орындық жатақхана пайдалануға берілді.
Жоғары оқу орны еліміз бойынша өз қаражаты есебінен жатақхана салу тәжірибесін алғаш рет жүзеге асырды.
Ашылу салтанатына өңір, университет басшылығы, ардагер ұстаздар, студенттер қатысты.
Жиын басында көпшілікке ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз құттықтауын жолдады.
Ол 90 жылдан астам тарихы бар білім ордасы осы кезге дейін елімізге 100 мыңнан астам кәсіби білікті ұстаз дайындағанын ерекше атап өтті.
– Мерейлі мереке Республика күні қарсаңында өңіріміздегі ғылым мен білімнің қарашаңырағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде төртінші студенттер үйі ашылғалы тұр. Қазіргі студенттер еркін ойлы, өзіне сенімді. Мемлекеттің дамуы, өсіп-өркендеуі тікелей осындай жастарға байланысты. 2018 жылы Орал қаласы әкімдігінің қаулысымен университетке пайдалануға ауданы 0,1942 га учаске берілді. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл орынға тоғыз қабатты, 500 орынды жатақхана салынды. Республика бойынша тұңғыш рет өз қаражаты есебінен жатақхана тұрғызуды қолға алған университет ректоры Нұрлан Хабиболлаұлына алғыс білдіремін. Бұл тәжірибені өңіріміздегі өзге оқу орындары да жүзеге асырады деп сенемін. Қадірлі жас достар, қоныстарыңыз құтты болғай!, - деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.
Нысан заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Әр секцияда, жатын орны, асхана, жуыну бөлмелері бар. Қазіргі студентке ең қажетті интернет желісімен де қамтылған.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі студенттерге инклюзия форматына сәйкес арнайы бөлмелер мен мүгедектігі бар білім алушыларға 16 орын жасақталған.
Бұдан бөлек, студенттер үйінде фитнес залы, дәріхана, медициналық пункт, кафетерий және мұғалімдер мен кезекшілерге арналған бөлмелер орналасқан.
Жатақхана аумағы толық абаттандырылып, спорт алаңы тұрғызылған.
Университет басшысы Нұрлан Хабиболлаұлының мәлімдеуінше, «Қаржы орталығы» АҚ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан университеттің жатақхана салу шығындарын алты жыл ішінде өтейді.
Жатақхананың құрылысы мен пайдалануға беру барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев екі жақты келісімге қол қойды.
БҚУ басқарма төрағасы-ректоры жобаға бастан-аяқ жетекшілік етті.
Нысанның құрылысын мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес мердігер «BETA Services» ЖШС басшысы Бекболат Шканов жүргізді.
Айта өтейік, жалпы университетте жаңа жатақхананы қоса алғанда студенттерге 1 526 орын жасақталған.
Гүлмира Сарсенғали
zhaikpress.kz