11.06.2024, 10:15
Оқылды: 91

БҚО-да 7 217 бала лагерьге барады

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департамент басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев балалардың жазғы сауықтыру лагерьлерінде санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде баяндама жасады.

633564D4-4EFE-42C9-AAF3-FB70894E89F0

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл 1-10-сынып бітірген 7 217 баланы жазғы сауықтыру шараларымен қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда балаларды сауықтыру орталықтарында маусымға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Спикердің сөзінше, биылғы жазғы маусымда 17 қала сыртындағы сауықтыру орталығы, 595 күндізгі мектеп жанындағы лагерь ашылмақ.

– Балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушысының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы» №336  бұйрығына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін лагерьлерде зертханалық-аспаптық зерттеу және хаттамалар алу рәсімі жүргізіледі.

Облысымыздағы сауықтыру лагерьлерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланады. Биылғы 5 маусымдағы жағдай бойынша нысанның нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін жолданған 12 өтініш қаралуда. Жұмыс барысында Шыңғырлау ауданының «Арай» және Тасқала ауданының «Шұғыла» балаларды сауықтыру ұйымына 2 санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды берілді. Қалған сауықтыру орталықтарында ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде, - деді Нұрлыбек Ермекұлы.

Облыс әкімінің орынбасары 2024-2026 жылдардағы жазғы демалыс кезеңінде балалардың демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Сондай-ақ аталмыш орталықтардың жұмысы кезінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті білім басқармасымен бірлесіп нысандарға комиссиялық мониторинг ұйымдастырмақ. Бұл мекемелердің қызметкерлері маусымдық сауықтыру мекемелеріне барып, басшылар мен жауапты тұлғаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Мониторинг барысында нысандарда жіті ішек инфекцияларының және тамақтан уланудың алдын алу мақсатында балалардың тамақтану жағдайларына, медициналық кабинеттердің мамандармен қамтамасыз етілуіне, тағам өнімдерін сақтау шарттарына, қызметкерлердің уақтылы медициналық тексерістен өтуіне, жағажайларда су сынамасына арналған модульдік-қаңқалы бассейннің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне, бассейндердің тазалығына ерекше назар аударылады.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале