Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында БҚО ПД полиция басқармасы жол-техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ербол Аманғалиев пен жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Жанар Төлеуғалиева «Абайлаңыз, балалар!» акциясы аясында өткізілген іс-шаралар туралы баяндама жасады.
Бүгіндері кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары көпшілікті алаңдатуда. Биыл жыл басынан бері облыста 176 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 11 бала қаза тауып, 214 жасөспірім түрлі дәрежедегі жарақат алды. Балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өңір аумағында биылғы 26 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында «Абайлаңыз, балалар!» республикалық акциясы өтті.
– Акцияның мақсаты – балалардың жол-көлік оқиғасына ұшырауына жол бермеу және алдын алу. Профилактикалық науқан балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне көпшіліктің назарын аудару, ата-аналар мен жүргізушілердің жауапкершілік деңгейін арттыруға арналған. Осыған байланысты полиция қызметкерлері білім беру құрылымдарымен бірлесіп, оқушылар мен ата-аналар жиналысында, мектепке дейінгі мекемелерде, сондай-ақ көлік жүргізушілері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қыркүйектің 1-інде полиция қызметкерлері оқу жылының басталуына арналған жалпы мектептік линейкаға қатысты. Балаларға жолдағы қауіпсіздікті еске сала отырып, әлеуметтік бейнебаяндар көрсетіп, жаднамалар таратты. Сонымен қатар учаскелік полиция қызметкерлері пәтер иелері кооперативі (ПИК) және мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) төрағаларымен бірлесіп, шағынаудандар мен аула аумақтарында, балалар және спорт алаңдарында тұрғындармен кездесулер өткізді, – деді Ербол Серікұлы.
Жанар Халелқызы облыстық полиция департаменті жүргізушілерден балалар ойнайтын аулаларда, алаңдар мен мектептердің маңында, олар көп жиналатын басқа да жерлерде жылдамдықты асырмай жүру қажеттігін ескертті. Сондай-ақ ата-аналардан балаларды назардан тыс қалдырмауды, профилактикалық әңгімелер жүргізуді сұрады. Спикердің сөзінше, осындай жұмыстар тек акция барысында ғана емес, жүйелі түрде жүргізілмек.
Аружан Болатбекқызы
zhaikpress.kz