10.09.2024, 17:45
Оқылды: 87

БҚО-да «Абайлаңыз, балалар!» акциясы өтті

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында БҚО ПД полиция басқармасы жол-техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ербол Аманғалиев пен жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Жанар Төлеуғалиева «Абайлаңыз, балалар!» акциясы аясында өткізілген іс-шаралар туралы баяндама жасады.

Полиция ЖП (жаңа фото)

Бүгіндері кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары көпшілікті алаңдатуда. Биыл жыл басынан бері облыста 176 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 11 бала қаза тауып, 214 жасөспірім түрлі дәрежедегі жарақат алды. Балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өңір аумағында биылғы 26 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында «Абайлаңыз, балалар!» республикалық акциясы өтті.

– Акцияның мақсаты – балалардың жол-көлік оқиғасына ұшырауына жол бермеу және алдын алу. Профилактикалық науқан балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне көпшіліктің назарын аудару, ата-аналар мен жүргізушілердің жауапкершілік деңгейін арттыруға арналған. Осыған байланысты полиция қызметкерлері білім беру құрылымдарымен бірлесіп, оқушылар мен ата-аналар жиналысында, мектепке дейінгі мекемелерде, сондай-ақ көлік жүргізушілері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қыркүйектің 1-інде полиция қызметкерлері оқу жылының басталуына арналған жалпы мектептік линейкаға қатысты. Балаларға жолдағы қа­уіпсіздікті еске сала отырып, әлеуметтік бейнебаяндар көрсетіп, жаднамалар таратты. Сонымен қатар учаскелік полиция қызметкерлері пәтер иелері коо­перативі (ПИК) және мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) төраға­ларымен бірлесіп, шағынаудан­дар мен аула аумақтарында, балалар және спорт алаңдарында тұрғындармен кездесулер өткіз­ді, – деді Ербол Серікұлы.

Жанар Халелқызы облыстық полиция департаменті жүргізушілерден балалар ойнайтын аулаларда, алаңдар мен мектептердің маңында, олар көп жиналатын басқа да жерлерде жылдамдықты асырмай жүру қажеттігін ескертті. Сондай-ақ ата-аналардан балаларды назардан тыс қалдырмауды, профилактикалық әңгімелер жүргізуді сұрады. Спикердің сөзінше, осындай жұмыстар тек акция барысында ғана емес, жүйелі түрде жүргізілмек.

Аружан Болатбекқызы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале