6.09.2017, 20:07
Оқылды: 38

БҚО-да «Электронды қылмыстық іс» пилоттық жобасы іске қосылады

IMG-20170906-WA0019Бұл жайында қылмыстық процесті жаңғырту барысы мен «Прокуратура туралы» заңға енетін толықтырулар мен өзгерістер талқыланған семинарда облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов хабарлады. Оның сөзінше, пилоттық жоба қыркүйектің  20-сында іске  қосылады.


 

– Қылмыстық процесті реформалау және құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру мақсатында мемлекет басшысының тапсырмасымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында ҚР Жоғарғы соты мен Әділет министрлігінің және құқық қорғау және арнайы қызмет органдарының басшылары енген. Қазіргі таңда Германия Федеративті Республикасы мен Ұлыбританияның, Эстония мен Грузия елдерінің тәжірибесі зерттелу үстінде. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында жүргізілетін реформалар  құқық қорғау және сот саласында жаңа кезеңге өтуге мүмкіндік береді, – деді жиында Сапарбек Нұрпейісов.

IMG-20170906-WA0018-1Семинарда облыс прокурорының орынбасары Александр Цуранков «Заң үстемдігі» халықыралық рейтінгісі ауқымында «TheWorldJusticeProject» тәуелсіз халықаралық ұйымы қылмыстық сот төрелігін әділ жүзеге асыру көрсеткіштерін бағалайтын 113 мемлекеттің ішінде Қазақстан 73-орында екенін хабарлады. Рейтингте ТМД елдері ішінде Грузия 38, Қырғызстан 96, Ресей 98-орынға тұрақтаған. Бұл бағытта Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы елдерге ортақ қылмыстық процес үлгісін Қазақстанның сот және құқық қорғау органдары қызметіне енгізу маңызды.

Жиында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің  БҚО бойынша бөлімінің басшысы Е. Мұхитов «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ауқымында «Сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізілімі» базасы аясында «Электрондық қылмыстық іс» модулін енгізу жоспарланғанын айтты. Республика бойынша бұл модуль Жамбыл, Павлодар, Атырау, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында пилотты түрде жүзеге аспақ. Аталған жоба негізінде арыз тіркелгеннен кейін сотта үкім шыққанша қылмыстық іс электронды форматта жүргізіледі. Электрондқ іс жүргізу Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея, Эстония, Түркия, АҚШ, Австрия, Нидерландия және Дания елдерінде кеңінен қолданылады. Болашақта бұл жоба сыбайлас жемқорлықты алдын алып, қылмыстық істі тергеу барысында бұрмалаушылықты болдырмайды, қағазбастылықтан арылуға, қылмыстық іс қатысушылары (куә, айыпты, адвокат, т.б.) процедураны онлайн түрде бақылауға алуына, яғни, ашықтықтың қамтамасыз етілуіне септеседі, істің тергелу мерзімін едәуір қысқартады деп күтілуде.

Біздің облыста құқық қорғау органдары «Электрондық қылмыстық іс» модулін жүзеге асыруға дайындалуда. Облыс басшылығы техникалық тұрғыда қамтамасыз ету бағытында жергілікті бюджеттен қаржы бөлуді мақұлдаған.

Семинарда Сапарбек Нұрпейісов «Бір терезе» қағидаты бойынша қазан айында құқық қорғау органдарының орталығын жасақтау  жоспарланып жатқанын мәлімдеді. Арнайы кеңсе ашылған соң, тегін құқықтық кеңес беру бағытында тұрғындарға елуден астам мемлекеттік қызмет көрсетілетін болады.

Құқық қорғау және сот саласында қолға алынатын реформалар жөнінде баяндалған жиында биылғы шілде айында қолданысқа енген «Прокуратура туралы» заңның талаптары таныстырылды. Семинарға мемлекеттік және құқық қорғау, арнайы қызмет, қадағалау органдарының басшылары және үкіметтік емес ұйым мен бизнес-қауымдастық мүшелері, адвокаттар қатысты.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале