26.11.2024, 12:01
Оқылды: 10

БҚО-да еңбек озаттарының мерейі өсті

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға сала мамандары, еңбек ардагерлері қатысты.

324d828c-f394-44e9-8a97-c8393e607fa9

Келген қонақтар университет алаңында ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарының көрмесімен танысты. Салтанатты жиында көрермен алдымен өңірдегі осы саланың жетістіктеріне арналған бейнебаянды тамашалады.

– Сіздерді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының және өзімнің атымнан кәсіби мереке – Ауыл шаруашылығы, та­мақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ауыл шаруашылығы – азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Сіздердің тынымсыз, қажырлы еңбектеріңіздің арқасында бү­гінде отандық аграрлық сектор нық дамып келеді. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына айрықша назар ау­дарып, үнемі қолдап отырады. Өздеріңізге мәлім, жуырда ғана Астанада екі мыңнан аса делегаттың қатысуымен өткен алғашқы «Агрофорумға» Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысып, үздіктерге мемлекеттік наградалар табыстады. Соның ішінде біздің облысымыздан «Аманер» ШҚ басшысы Қанат Досқалиев «Құрмет» орденімен, «Кублей» ЖШС-нің консервілеу учаскесінің меңге-рушісі Бәтима Еркінова және «Жарас» ШҚ механизатор-комбайнері Серік Төлеушов ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, «Анкатинский» ЖШС бас зоотехнигі Медеу Ахметов және «Мұқадес» ШҚ жылқышысы Бақытжан Болатбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Марапаттарыңыз құтты болсын! Абыройларыңыз асқақтап, биіктерден көріне беріңіздер!

Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген 5 пайыздық не­сие биылғы желтоқсан айынан бастап беріледі. Бұл көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру үшін қажет. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген  несие беруін ынталандыру  бағытында да жұмыстар қолға алынуда, – деген облыс әкі­мінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов сала мамандарының берекелі аймақтың ырысын арттыру жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

af8a76ae-8572-49a1-8309-a0ffdb78db2e

Сонымен қатар Қалияр Шадиярұлы бірқатар еңбек ардагері мен мамандарды марапаттады. Кезінде осы саланың майталманы болған, бүгінде зейнеткер Мақсот Өмірәлиев пен Балғаным Кәкімоваға ҚР  Ауыл шаруашылығы министр­лігінің «Еңбек ардагері» медалін табыстады. «М-Боранбаев» ШҚ басшысы Мырзабай Боранбаев (Бөкей ордасы), «Жәнібек» ШҚ басшысы, зейнеткер Тыныш Иманғалиев (Шыңғырлау), облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Кеңес Қайдашев, «Ораз» ШҚ басшысы, зейнеткер Мәлік Момынов (Бөкей ордасы), Тасқала аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самиғолла Шүкіров, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Берік Иралиев ҚР АШМ «Ауыл шаруашылығы саласының үз­дігі» төсбелгісімен марапатталды. Агросалада тер төгіп жүрген бірқатар мамандар ведомствоның Құрмет грамотасын алды.

764f919d-bd84-4f33-84ca-5aca69bec2c3

Саланың дамуына қосқан үлесі үшін арнайы аталымдарға ие болғандарға облыс әкімінің алғысхаты та­бысталды. Мәселен, 14 аталым­ның арасынан «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС-ның бөлім меңгерушісі Төлеген Бөлеков «Үздік агрокеңесші», тасқалалық «Атамұра» ШҚ басшысы Санат Есқазиев «Жыл агрономы», жәнібектік «Қоғалы» ШҚ механизаторы Мирбек Сүндетов  «Алтын қолды механизатор», казталовтық «Қасиет» ШҚ жетекшісі Қанағат Әбужалитов «Төрт түліктің майталманы» секілді аталымдарға ие болды. Кәсіби мерекеге орай осы саладағы өзекті тақырыптарды арқау еткен оқыту семинарлары өтті. Іс-шара мерекелік концертке ұласты.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале