Бүгін Оралда Конституция күніне орай Полиция департаменті салтанатты шара өткізді.
Оған Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Молдиярұлы, БҚО ІІО және ҚР ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Еділхан Жұмашев, сондай-ақ, БҚО ПД бөлімшелерінің басшылары мен полиция қызметкерлері қатысты. Бұл туралы БҚО ПД-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты жиында жас полиция қызметкерлері Отанға адал болуға ант берді.
Департамент бастығы Арман Молдиярұлы полицияда қызмет жолын бастаған барлық жас полицейді құттықтап, егеменді елде халықтың бейбіт әрі тыныш өмір сүруін қамтамасыз ету – тәртіп сақшыларына жүктелген міндет деп атап өтті.
– Ата Заң – Тәуелсіздігіміздің сенімді тірегі. Конституцияда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам мен адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл мереке қарсаңында біздің қатарымызды толықтырып, ҚР Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтарды қорғауға жас полиция қызметкерлері ант береді. Жас қызметкерлерге Конституцияны құрметтеп, берген антқа адал болып, халықтың сенімін ақтаңыздар дегім келеді, - деп тілек білдірді өңірдің бас полицейі.
Сондай-ақ, жоғары кәсіби шеберлігі, жұмысты тиімді ұйымдастырғаны, құқық тәртібін қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бойынша міндеттерді орындауда қол жеткізген жетістіктері үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтың бұйрығымен облыстың үздік полицейлері медальдармен, төсбелгілермен, грамоталармен және алғысхаттармен марапатталды.
Мереке қарсаңында ҚР ІІМ құзыретімен – 17, облыс әкімдігінің қолдауымен алты қызметкер, жалпы 136 қызметкер марапатталды.
Іс-шара полицейлердің салтанатты шеруімен аяқталды.