Мал ұрлығы бойынша Сырым ауданы алғашқы орынды алып отыр. Ауданда мал ұрлығы былтырғымен салыстырғанда 66%-ға өскен. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев айтты.
Облыс әкімдігінде мал ұрлығы және жолда малдың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары тақырыбында жиын өтіп жатыр.
Аймақ басшысы ауылдарда мал ұрлығының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімдерінің есебін тыңдауда.
Мал ұрлығы бойынша алдыңғы қатарға шыққан Сырым ауданының әкімі малдарын қараусыз қалдырған тұрғындарға 100 АЕК көлемінде айыппұл салуды ұсынды.
Жиында сөз алғандар мал ұрлығының өсуіне тұрғындардың өздері кінәлі дегенді айтты. Себебі малды бағусыз қалдырады.
Мал ұрлығы бойынша Ақжайық ауданы да қалыс қалмай отыр. Бұл аудан үлкен трасса бойында екенін ескерсек жануарлардың қатысуымен апаттар жиі болып тұрады. Мысалы, ауданда малдың қатысуымен 28 жол апаты тіркеліпті.
Мал ұрлығына жол бермеудің тағы бір жолы малды таңбалау мен сырға салу. Алайда ауылдарда малдың құлағындағы сырғаны кесіп алып тастау фактілері де жиі тіркеліп отыр.
Жиында сөз алған БҚО Ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов:
- Ауылдағы малға чип салу керек, - деген ұсыныс айтты.
Жиналыста қаралған басқа проблемалар туралы кейін толығырақ баяндаймыз.
zhaikpress.kz