Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова мәлімдеді.
Спикер атап өткендей, Мемлекет басшысының мектеп оқушыларының сабаққа қатысуын толық қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мақсатында республика бойынша 11 жыл қатарынан 1 тамыз - 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» акциясы өткізіліп келеді.
Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін материалдық және басқа да көмек көрсету.
Бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан акция жылдан жылға жақсы нәтиже беріп, акция барысында өмірде қиын жағдайға душар болған отбасылар мен балаларға көмек қолын созып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған демеушілер қатары жылдан жылға көбеюде (ірі өндірістік компаниялар мен ұйымдар, жеке тұлғалар, кәсіпкерлер, облыстық (аудандық, қалалық) мәслихат депутаттары, ардагерлер, облыстық басқармалары мен білім беру ұйымдары).
Акция өткізілген 10 жылдың ішінде 158 126 бала 794 млн. 967 мың теңгеге материалдық көмек алса, соның ішінде былтырғы жылғы акция барысында әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасының 19 433 балаларына 139 млн. 327 мың теңгеге, соның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 10 544 балаға 61 млн. 892 мың теңгеге қаржылай және материалдық көмек көрсетілді.
zhaikpress.kz