Бүгін Н.Островский атындағы облыстық драма театрында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті. Салтанатты кешке БҚО әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына биыл 10 жыл толып отыр. Атаулы датаға орай биыл мерекелік кеш те ерекше сән-салтанатымен өтуде.
Бұл еліміз бойынша дәстүрге айналған шара. Жыл сайын отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында өтетін осы ұлттық байқауға қатысатын отбасылар саны артып келеді. Осы 10 жыл ішінде «Мерейлі отбасы» байқауына 20 мыңнан астам отбасы қатысыпты. Ал біздің облыс бойынша 2000-нан астам отбасы осы байқауда бақ сынаған.
Салтанатты жиында сөз алған аймақ басшысы Нариман Төреғалиев былай деді.
- Елімізде ырысы мен ынтымағы жарасып, ауызбіршілігі көпке үлгі болып жүрген жанұялар баршылық. Осындай үлгілі жанұяларды дәріптеу мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіледі. Қоғамдағы әр жанұя босағасының беріктігі мемлекет іргетасының кепілі. Халқымыз қашан да отбасыны қасиетті құрылым ретінде қабылдаған. Ел болам десең, бесігіңді түзе деп жанұядағы ұрпақ тәрбиесінің маңызын бағамдаған. Бұл ұлттық байқау ұрпақтар сабақтастығын, елге қызмет етудің ең озық үлгісін көрсететін сайыс болуымен де қоғам алдындағы құндылығы арта түспек. Жалпы биыл елімізде отбасы институтын нығайту, баланы қорғау және тұрмыстық-зорлық зомбылықтың алдын алу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша нормативтік-құқықтық база құрылды, - деді аймақ басшысы Нариман Төреғалиев.
Кейін сахна төрінде байқауға қатысушылардың барлығына сыйлықтар мен алғысхаттар табысталды.
«Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде бірінші орынды Казталовтық Ниетқабыловтар отбасы иемденді.
Ал екінші орын Орал қаласында тұратын Утебаевтар әулетіне тисе, үшінші орынды Сырым ауданынан келген Қажиахметовтар отбасы алды.
Байқау жеңімпаздарына қаржылай сыйлық беріледі. Атап айтсақ, І орынға 1 000 000, екінші орынға 700 000, үшінші орынға 500 000 беріледі. Ең үздік шыққан отбасыға Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама беріледі.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz