Бүгін Батыс Қазақстан облысында 25 қазан – Республика күніне орай Мемлекеттік туды салтанатты көтеру рәсімі өтті.
Тутұғырдағы көк байрағымыз көкке көтерілгеннен кейін Мемлекеттік әнұран шырқалды.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев жиынға қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, бұл күннің егемен еліміз үшін айрықша мерейлі әрі маңызды екенін атап өтті.
– Баршаңызды бүгінгі тәуелсіз еліміз үшін айшықты мереке Республика күнімен құттықтаймын! Біздің мемлекетіміз жас мемлекет болғанымен болашағымыз айқын, мақсатымыз анық. Алдағы жетер жетістігіміздің жолында бәріміз бірге жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Әрқайсыңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке тілеймін, - деді өңір басшысы құттықтауында.
Салтанатты рәсім барысында өңір басшысы еліміздің дамуына өз еңбегімен айрықша үлес қосып жүрген азаматтарды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысхатымен марапаттады.
Олардың қатарында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Достық» клубының жетекшісі Талғат Чудобаев, Орал қаласы ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев, «Cinema Park» кинотеатрының директоры Дилара Мұхамбетова бар.
Мәртебелі мерекеде Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхатымен Орал қаласы №34 «Балбұлақ» бөбекжайының тәрбиешісі Айымгүл Кенжебаева, «Uniserv» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүргізушісі Байгали Андиров, «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының №8 участок слесарі, жылу және есеп инспекциясының инженері Алтай Кенжебаев, «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы торап» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің электр жабдықтарын жөндеу электрслесарі Сабит Шаяхметов марапатталды.
Сонымен қатар облыс әкімі мереке қарсаңында кәмелетке толған бір топ жас өренге жеке куәліктерін өз қолымен табыс етті.
Гүлмира Сарсенғалиева,
Суреттерді түсірген автор
www.zhaikpress.kz