15.07.2020, 21:35
Оқылды: 27

БҚО-да жол құрылысын арнайы мониторингтік топ тексерді 

 Орал қаласындағы Лесозащитный мен Иманов көшесінде автокөлік жолдары құрылысын арнайы мониторинг тобы тексеруге барды.

7AFFA031-DE16-4005-ACBD-D5D7D4DB4204

Рейд шарасына қатысқан БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Айтмағамбетовтың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша биыл 31 жоба іске қосылған. Яғни, 35 шақырым қалаішілік жол жөнделмек. Облыс әкімі тапсырмасымен құрылған жұмыс тобы құрылыс учаскелерін аралап, олқылықтарды анықтауда.

Лесозащитный көшесіндегі 1,5 шақырым автожолға «Ануш Құрылыс» ЖШС мамырдың 12-сінде асфальт төсеуді бастаған. Қазіргі уақытта 900 метр жол бетіне асфальт бетоны құйылып, тротуар тұтас салыныпты. «Бұрын Лесозащитный көшесінде автожол қабаты салынбағандықтан, тұрғындар құрылыс материалдарын төгіп, түрлі қалдықты нығыздап тастаған. Сондықтан қолдан жасалған төсемді қырып, жаңа құрылысты бастау оңай болмады. Жұмыс тобы автожол бетіндегі қақпақтарды тегіс орналастыру керектігін айтып,  алдын ала ескерту жасады. Бұл тапсырманы бұлжытпай орындадық. Тұрғындар енді жолдың шетінен өз үйлерінің ауласына дейін асфальт төсеп алуына болады. Жобалық-сметалық құжаттамада бұлай жасау бұрын қарастырылмаған», – деді мердігер-компанияның директоры Оганес Миносян. Десе де Лесозащитныйдың тұрғындары автожолдың қасынан арық салынбағанына наразы. «Он үш жыл бұрын осы көшедегі үйге көшіп келдім. Жол батпақ болатын да жататын. 2017 жылы облыс әкімдігіне асфальт төсеуді сұрап, бір топ тұрғын хат жолдады. Екі жылдан соң жаңа жол салынатыны жайында жауап хат келді. Уәденің орындалып жатқанына рахмет. Бірақ арық салу қарастырылмаған. Жақында жаңбыр жауып, ауламызға су кіріп, әбігерге түстік. Аулаға жиналған суды шелектеп тасуға тура келді. Біздей зейнет жасындағы адамдарға қиын болатын түрі бар», – деді Уәсила Закарина.

E18F1EA6-2B43-4B10-B4F1-D0C98C295161

Мониторинг тобы бұған дейін А. Иманов атындағы көшедегі жол құрылысындағы олқылықтарды анықтаған. «Жөнделіп жатқан автожолға жүргіншілер жолы жақын орналастырылған. Арақашықтықты сақтау тапсырылған соң, құрылыс бригадасы тротуарды бұзып, қайтадан алшақ салып жатыр. Тұрғын үйлерге жауын-шашын, қар суы құйылу қаупі туындайтын болған соң, техникалық бақылаушымен кеңесе келе, жол биіктігін аласартуды ұсындық. Асфальт астына төселетін топырақты нығыздауға байланысты кемшіліктерді жоюды тапсырдық. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жол белгілерін орналастыруға байланысты ескерту жасап отырмыз. Әрбір құрылыс нысаны туралы құжат адам көзі түсетін жерге қойылуы керек. Құжатта мердігер атауы, қаражат мөлшері, жауапты құрылымдар мен жұмыс ауқымы жөнінде мәлімметтер жазылуы тиіс. Мердігер осы ұсыныстарды ескеруі қажет», – деді Бауыржан Айтмағамбетов.

401ADCE6-5DF5-42E0-BF71-45A7948F96B1

Рейд тобы құрылыс нысандарын аралай келе, А. Иманов атындағы жол-көлік колледжінің алдына аялдады. Иманов көшесінде орналасқан колледж алдында 828 метр  жүргіншілер жолы салынып жатыр. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Санжар Қабышев тортуар жиегіне бетонның құйылуы жобаға сәйкес емес екенін айтты. Мердігер «КазСтройГарант» ЖШС автожол құрылысына байланысты ескертулерді құп алып, жұмыс тобы қойған талаптарды орындамақ. «Ружейников көшесінен бастап, Физкультуриый көшесіне дейінгі автожол бөлігі күрделі жөнделуде. Құрылыс жобасының дұрыс атқарылуына байланысты күн сайын техникалық бақылау жүргіземіз. Мониторинг тобы жасаған ескертулерді журналға жазып, құрылыстағы қателіктердің түзетілуін қадағалаймыз. Жүргінші жолының жиектасын салғанда, жер бетіне қорғаныс қабатын салмағанын анықтадық. Медігер айтқанымыз бойынша жиектасты қайтадан салып шықты». – деді техникалық бақылау қызмектері Андрей Скачков. Қазіргі уақытта А.Иманов атындағы жол-көлік колледжінен тура шығуға болатын Меңдешев көшесіндегі автожол орташа жөнделуде. Құрылыс учаскесінде 12 адам жұмысқа орналасқан. Көше бойынша бұрын салынған 784 метр автожол беті тегістеліп, жаңадан екі қабат асфаьт бетоны құйылады.

– Облыс бойынша жол құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мамандары жергілікті маңыздағы автожолдарды жөндеуге байланысты құрылыс нысандарының жұмысын қадағалау шараларына тұрақты қатысады. Құрылыс материалдарынан 230-дан астам сынама алынып, соның ішінде сегіз сынаманың мемлекеттік стандартқа сәйкес еместігі анықталды. Қала бойынша қазіргі уақытта 41 көше жол жөнделіп, жаңғыртылуда. Мердігерлердің жол құрылысының олқылық жіберуіне байланысты 58 дерек тіркелді, – деді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» БҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Санжар Қабышев.

Айта кетейік, «2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша облыста көше-жол желілерінің автомобиль жолдарын қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу бойынша 50 жобаны іске асыру жоспарлануда. Биыл республикалық бюджеттен 11,4 млрд.теңге көлемінде бөлінген қаражатқа 90,6 км жол жөнделеді.

 Нұртай Текебай

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале