11.10.2023, 16:15
Оқылды: 146

БҚО камералық оркестрі Астанада өнер көрсетті

Астанада БҚО камералық оркестрінің «Елордаға Ақ жайықтан сәлем» атты концерті өтті.

оркестр (4)

Оркестр директоры Салтанат Абулгазиеваның айтуынша, гастрольдік сапар осыдан екі жыл бұрын жоспарланған.

- Жалпы бұл БҚО камералық оркестрінің үлкен сахнаға беттеп, гастрольдік сапармен мегаполистерге осындай есептік концертпен алғаш мәрте аяқ басуы. Бұған дейін Экспо аясында, Әуен Fest фестивалі аясында Алматы-Астана қалаларында өнер көрсеткен болатын. Бірнеше күн бұрын Алматыда концерт өткіздік. Көрермен ықыласы ерекше болды. Оркестр 10 жылдан астам уақыт бойы өн бойына жиғанын көрсетіп, өнер өлкесіне, мәдениеттің қайнаған ортасына өзін таныстырды. Бұл гастроль осыдан екі жыл бұрын 10-жылдық мерейтойымыздың аясында болуы керек еді. Бірақ мерейтой пандемия кезінде болып гастрольдік сапарға шыға алмаған едік, - деді оркестр директоры.

оркестр (1)

Айта кетейік, кешке біраз оралдық да келген.

- Бүгін оркестр классика, заманауи және ұлттық музыка мен әндерді орындап, ерекше әсерге бөледі. Шыны керек концертке көп бара бермейміз. Музыкадан ләззат алдық. Жерлестеріміздің шеберлігі шыңдала берсін! Шығармашылық табыс тілеймін! - дейді мәдениет және ақпарат министрлігінің кадр және әкімшілік жұмыс департаментінің директоры Орал Құспаев.

Концерттен алған әсерімен Меруерт Өтекешова да бөлісті.

оркестр (3)

- Үлкен мейрам болды. Бұл - тым тәуір еңбек. Өткен кеш біз үшін де, жерлер әріптестеріміз үшін де үлкен бақыт. Алдағы уақытта оркестр бүкіл Қазақстанды аралап шығуы тиіс деп есептеймін. Кәсіби музыканттар, олар орындаған түрлі композициялар мүлде бөлек эмоцияға бөледі. Шеберліктерімен барлық қонақты баурап алды деп айтсам қателеспеймін, - деп пікір білдірді кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, жерлесіміз Меруерт Өтекешова.

Көрермен арасынан Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің мүшесі, Мемлекеттік, банк мекемелері мен қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов та табылды.

- Керемет рухани кеш болды. Тек ұлттық ғана емес әлемге танымал туындыларды тыңдадық. Жерлестеріммен мақтанамын. Талантты, жан-жақты, бесаспап әншілер мен өнер иелерінің шеберлігіне куә болдық. Көп рахмет айтамын. Республика күніне орай естен кетпес кеш өтті. Тек сәттілік тілейміз! Өнердің биігінде жүрсін! - дейді Мирболат Жақыпов.

Ал қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов әлеуметтік желідегі парақшасында концерттен кейін жазба қалдырды.

- Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің ұйымдастыруымен Республика күні қарсаңында «Елордаға Ақ жайықтан сәлем» атты классикалық музыка кеші өтті. Музыканың әр түрлі әлемдік бағытында ойнаған әуендер адамға керемет әсер берді. Батыс өңірінен арнайы келген музыканттарға елорда жұртшы ризашылығын білдірді. Оркестр басшысы, бұрынғы әріптесім Салтанат Мақсот білімі мен іскерлігі жарасқан нағыз маманы. Еліміздің екі ірі қаласында өткен гастрольдік сапары басқа да қалаларда жалғасын табады деген сенімдемін! Батыс Батыс Қазақстан облыстық Камералық Оркестрі ұжымына сәттілік пен шығармашылық табыс тілеймін! - делінген жазбада.

Салтанат Масқотқызының айтуынша, оркестр Атырау облысына гастрольдік сапар жасауды жоспарлап отыр.

оркестр (2)

- Жоспар көп. Облыс әкімдігі қолдау білдірсе Еуропаға да тур жасау ойда бар. Жалпы гастрольге жиі шығу қажет. Музыкаға қатысты фильм де түсіргіміз келеді, - дейді оркестр директоры.

zhaikpress.kz

Фотоға түсірген:  Сұлтан Сейіт

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале