6.09.2023, 10:30
Оқылды: 4

БҚО – көгілдір отынмен қамтудан үшінші орында

Батыс Қазақстан облысы халықты табиғи газбен қамтудан республика бойынша Маңғыстау және Атырау облыстарынан кейін үшінші орында тұр. Қазір өңірдегі 416 елді мекеннің 363-іне көгілдір отын жеткізілген. Яғни тұрғындардың 99,6%-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген.

6552CA09-BE65-4F69-B4BA-8440BB931F17

Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының берген мәліметінше, биыл Сырым ауданының Сасықкөл ауылында ауылішілік газ құбырын салу жұмысы аяқталды. Соның нәтижесінде 16 абонент көгілдір отынға қол жеткізді.

Бұдан бөлек, Жаңақала ауданының 4 және Ақжайық ауданының 2 ауылдық елді мекенін (АЕМ) газбен қамту жұмысы атқарылуда. Бұл игі іске жергілікті бюджеттен 209 млн теңге бөлінген.

Құзырлы мекеменің жоспары – жыл соңына дейін батысқазақстандықтарды табиғи газбен қамтамасыз ету үлесін 99,7%-ға жеткізу. Сонымен қатар биыл аудан әкімдіктері 7 ауылдық елді мекенге – Ақжайық ауданының Қадырқұл, Бәйтерек ауданының Богатск, Спартак, Забродино, Жаңақала ауданының Үшкемпір және Аққұс, Тасқала ауданының Өркен ауылына газ құбырын жеткізу және ауылішілік газ құбырын салу бойынша жоба әзірлеуде.

Мәселен, аталмыш басқарманың мәліметіне сүйенсек, Жаңақала ауданында барлығы 22 ауылдық елді мекеннің 16-сы газбен қамтылған. Көгілдір отын тұтынатындардың үлесі – 98,1%. Яғни 22 283 тұрғынның 21 457-сі газ пайдаланып отыр. Қалған алты ауылдық елді мекенде  826 тұрғын (Аққұс – 133, Борық – 271, Плантация – 149, Салтанат – 54, Саралжын – 110 және Үшкемпір – 109 адам) табиғи газбен қамтылмаған. Енді Салтанат, Саралжын, Борық және Плантация ауылдарына газ жеткізу қолға алынған. Сол үшін жергілікті бюджеттен 149 млн теңге бағытталыпты. Бас мердігер «Газстрой» ЖШС бұл жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

– Аудандағы Салтанат, Саралжын, Борық және Плантация елді мекендерінде жеке үйлермен қатар, 4 медициналық пункт, 3 кітапхана және 2 мектеп те табиғи отынмен қамтылады. Аталған 4 ауылға газ жеткізілсе, жаңақалалықтардың газбен қамтылуы 99%-ды құрайды, - деді Жаңақала аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Нұрберген Тілекқабылов.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале